Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында қайта өңдеу ісін дамыту туралы жеке тоқталды.
«Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың 2/3 жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды», - деді Президент.
Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет. Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ ортақ мақсат көрсетілмеген.
Өнеркәсіп саясаты туралы бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуі тиіс. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз», - деді Қ. Тоқаев.
Мәселенің шешімі табылуы үшін де біраз уақыт жұмсалары сөзсіз. Дегенмен, елдің болашағы үшін атқарылар қызмет, қабылданар шешім бәріне де маңызды.
Орах ДЕҢГЕЛБАЕВ,
ауданның құрметті азаматы