Елімізде залалсыздандыру талаптарын сақтай отырып, балабақшалар да жас ерекшелігіне қарай 15 баладан аспайтын кезекші топтарды ашуға рұқсат етілген болатын.
Осы орайда ауданға қарасты 10 балабақша тамыздың 19-нан бастап өз жұмыстарын бастап кетті. Елімізді індет жайламас бұрын 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндер топқа 20 баладан қабылданса, кезекші топта 10 баладан, ал 3 жастан жоғары балалар бұрын 25 баладан қабылданса, енді 15 баладан өз жұмыстарын жалғастыруда.
Жалпы ауданда 1460 бүлдіршін балабақшада тәрбиеленеді. Осы орайда №54 бөбекжай-балабақшасына барып, тәрбиешілермен тілдесіп қайтқан болатынбыз.
«Кезекші топқа бала қалдыратын жерлері жоқ ата-аналар өтініш білдіріп отыр. Балабақшада санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Күніне төрт мезгіл балалар таңертең келгенде, далаға шыққанда, түскі уақытта және кешке кетерде залалсыздандыру жұмыстарын жүргіземіз. Баспалдақтың тіреуіштері мен есіктің тұтқалары сағат сайын жуылып тазартылып тұрады. Жұмсақ ойыншықтарды алып тастадық, тек балаларға ойнауға пластмассадан жасалған ойыншықтарды береміз. Олар да залалсыздандырылып, тазартылып тұрады. Балалар таңертең келгенде қызуын өлшеп, 8.30-да қабылдап аламыз. Кешкі 18-де ата-аналар алып кетеді»,- дейді балабақша мейірбекесі Гүлнар Орынбасарова.
Аталмыш балабақшада 4-5 жастағы балалар үшін 3 кезекші топ ашылған. Онда 6 тәрбиеші жұмыс жасауда. Таңертең ғимарат ауласына кіре берісте балаларды мейірбике күтіп алады. Олардың дене қызуын өлшеп, қолдарын антисептикпен сүртіп, ішке кіргізеді. Жатын бөлмесіндегі төсектер бір метр арақашықтықта қойылған. Ал балабақшаға ата-аналардың кіруіне тыйым салынған.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз