Нұрай - Астананың құрдасы

(0 Votes)

Күннен-күнге алып бәйтеректей бой түзеп, бәйшешек гүлдей құлпырып келе жатқан Елордамыз – Астана біздің мақтанышымыз.

Елімізде осындай әсем қаламен бірге өсіп келе жатқан астананың құрдастары да жетерлік. Солардың бірі – Нұрай Қалимерденова. Нұрай мұнайлы мекен Доссор кентінде дүниеге келді. Нұрайдың бойына білім нәрін сіңіріп, даналықтың тәрбиесін үйреткен асыл әжесі Сариева Муслима болды. Әжесінің қолдауының арқасында жас жеткіншектің білім жолындағы алғашқы қадамдары құтты басталып, мектепті үздік аяқтайды. Оның ата-анасы да – еліміздің дамуына өз үлесіп қосып келе жатқан кенттің қарапайым тұрғындары. Әкесі – Есен жүргізуші болып еңбек етсе, анасы – Ағис Абай орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі. Шаңырақта үш қыз өседі. Нұрайдың арқа сүйер әпкесі және өзі қамқор болар сіңлісі бар. Осындай берекелі, бақытты отбасында өскен Нұрайдың болмысынан мәдениеттіліктің, зиялылықтың лебі еседі. Ұлттық тәрбиенің құнарында өскені байқалады. Қазақ қыздарына тән асыл қасиеттің барлығын бойына жинақтаған. Оқушы кезінен физиканы жақсы көреді. Мектепте жүргенде осы пәннен талай білім байқауларына қатысып, үздіктер қатарынан көріне білді. Жеткен жетістіктері аз емес. Бірінші сыныптан бастап сабағын беске оқыды. Спортқа жаны жақын, сурет салудың шебері. 2015 жылы Абай орта мектебін «Алтын белгіге» аяқтады.

Нұрайдың әпкесі Данагүл «Алтын белгімен» тәмамдаған болатын. Сіңлісі Әйгерім де озат оқушыларының қатарында. Мектепті аяқтаған соң Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне «Есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға түседі. Қазіргі таңда аталмыш университеттің 3 курс студенті. «Елбасымыздың Жолдауына сәйкес «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іке қосылуда. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша IT сферасына көп көңіл бөлінуде. Мен елімнің азаматы ретінде болашақта Қазақстанның дамуына, ондағы технологиялардың дамуына үлкен үлесімді қосқым келеді, сол себепті осы мамандықты таңдадым»,- дейді кейіпкеріміз. Университет қабырғасында жүріп те Нұрай белсенді қалпынан таймады. ЖОО арасындағы бағдарламалау бойынша Республикалық пәндік олимпиадаларға, «Жас Ғалымдар» конференциясына қатысып, «Stand up» студенттер арасындағы сайысқа жобасын ұсынды. Осындай біліктілігінің арқасында Нұрай асқақ армандарын, алға қойған мақсаттарын орындап келеді. «Астана – жастар қаласы. Астана – мүмкіндіктер қаласы. Себебі мен секілді жастардың білім жағынан да, өнер жағынан да даму мүмкіндіктері жоғары. Менің астанаға деген шексіз махаббатымның тағы бір белгісі - Астана менің құрдасым. Осы жазда бірге жиырмаға толамыз»,-дейді бойжеткен. Біз де жүрегі елім, жерім деп соққан Нұрайдың болашағы тек жарқын болсын демекпіз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521