Ұлы Отан соғысынан кейінгі Жеңіс мерекесін атап өту дәстүрге айналғалы биыл 73-ші жыл. Бұл ел тарихында бабалар ерлігін қастерлеп, кейінгі ұрпағына аманат боп келетін бейбітшілік мерекесі.
Жыл сайын 9 мамырда соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, Отан үшін шейіт болған боздақтар рухына тағзым жасалады. Олардың ерлік істері дәріптеліп, өскелең ұрпаққа ұлағатталады. Ауданымыздағы Жеңіс саябағында боздақтар есімі жазылған мемориал тақта алдындағы мәңгілік алауға бейбіт елдің азаматтары гүл-дестелерін қойып, салтанатты шарада патриоттық тақырыпта тағылымды шара жалғасын тауып жатады. Соғыста қаза болған боздақтардың ұрпақтары тақтадағы тізімге үңіліп, кейбірі өз ата-бабаларын таппай, шарасыз күйге түсіп жүргендері қаншама?.
Оның себебін іздеп, жергілікті атқарушы орындарға шағымданғанымен, әлі күнге орайы келмей жүргендері де жоқ емес. Дегенмен, еліміз компьютерленген заманға иек артып, хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы деректерді ғаламтор желісі арқылы іздестіру, зерттеу жұмыстарына жол ашылды. Бүгінгі ұрпақ соғыстан оралмаған ата-бабалары туралы деректі «Мемориал» сайты және жергілікті әскери комисариат мұрағаттары арқылы іздеп, тауып келеді. Осының нәтижесінде Мақат ауданынан соғысқа 2475 азамат аттанып, 443 жауынгер аман-есен елге оралған екен. Алайда, биылғы Жеңістің 73-ші көктемін қарсы алатын ауданда бірде-бір соғыс ардагері қалмапты.
Олардың сыйлап кеткен бейбіт өмірін бүгінгі бақытты ұрпқ жалғауда. Бүгінгі таңдағы дерек бойынша сұм соғыстың құрбаны боп, хабарсыз кеткен 2032 боздақтың есімі анықталып отыр. Ал аудандағы Жеңіс саябағында 320 боздақтың есімі ғана жазылып, сақталған екен. Осыған аудан басшылығы мен ардагерлер кеңесі қолдау көрсетіп, зерттеу жұмыстарын біраз нақтылаған соң, саябақтағы тақта анықталған жауынгерлер есімдерімен толықтырылады деп күтілуде. Осы тақтадан Украйна жерін азат етудегі шайқаста қаза болған жауынгер Майтенов Кенженің ұрпақтары аталарының есімін көре алмай жүргенін айтып, біздің редакциямызға да келген болатын. Осыдан 6-7 жыл бұрын боздақтың ұлы Жауылбай Кенжиев бізге әкесі туралы мәліметті айтып келгенде, ол кісінің ерлік істеріне тәнті боп, оқырмандарымызға «Бір уыс топырақ» тақырыбында публисцистикалық дерек жариялаған едік. Онда соғыста хабарсыз кеткен әкесі туралы деректі 1979 жылы Украйна жерінен «Қызыл ізшілер» гильза қорапшадан «Майтенов Кенже, жұбайы Қапиза»-деген жазуы бар шиыршықталған қағаз тауып, біздің елімізге хабар салғаны, кейін ұлы Жауылбайдың әке рухына тағзым жасап, жауынгерлер жерленген мекенге елден бір уыс топырақ салып келгені туралы баяндалды. Мұнан соң, Украйна жерінде жыл сайын боздақтарға тағзым жасау шарасына шақырту хаттар алып тұрғанымен, біздің елімізде ол кісінің есімі елеусіз қалғанына налып жүретін-ді. Кейін боздақтың ұлы да өмірден өтті.
Артында ұрпағы жалғасып, немерелері де ата рухын естен бір сәт шығарған емес. Осыдан 35-40 жылға жуық бұрынғы уақытта Украйнадан жеткен сарғайған шақырту хаттар ұрпақтарының қолында тәбәріктей сақтаулы тұр. Өткен күндер естеліктерін ақтарғанда сол хаттарды бүктеуінен жазып, ата рухына тағзым жасайды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында боздақтарға арналған үлкен мемориалдық тақта орнатылып, Майтенов Кенженің есімі сол тақтаға ілініпті. Осыны естіп, қуанған ұрпақтары аудан басшылығына ардагерлер кеңесіне, қорғаныс бөліміне және жергілікті басылым қызметкерлеріне ризашылықтарын айтып, телефон шалды. Отан үшін кеудесін оққа тосқан аталарының ерлігін мақтан тұтып, әрдайым оның есімін ардақтауды өздеріне парыз санайды. Көзі тірісінде әкесінің «әкемнің есімін ескерткіш тақтадан оқысам» - арманы бүгінгі ұрпағы алдында орындалғанына тәубе қылады. Ер есімі енді аудан орталығындағы тақтаға ілінсе, немере-шөберелері елі үшін құрбан болған аталарының ерлігіне бас иіп жүрер едік,-дейді.
Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.