МІНДЕТ ПЕН СЕНІМ

(0 Votes)

Тәуелсіз еліміздің тарихында 1994 жылдың 7 наурызы айшықты күн болып қалды. Дәл осы күні еліміздегі алғашқы әр деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтті. 30 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осы жылдар ішінде жергілікті өкілді органдардағы депутаттар корпусы демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекеттің буынын бекітіп, бұғанасын қатыруда атқарған еңбегі орасан.

Халық пен билік арасындағы алтын көпір бола отырып, мәслихаттар өз өкілеттіктері аясында өңірлердегі өзекті мәселелерді, қиын түйткілдерді, қордаланып қалған проблемаларды шешуге ықпал етті.

Тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін осынау ширек ғасыр уақыт аралығында өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан жергілікті өкілдік органдарының депутаттар корпусы – қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, еліміздегі халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарда өз белсенділігін байқатуда. Әрине, бұл жерде Тәуелсіздік алған жылдардан бері жұмыстарында үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырып жаңа сипат алып келе жатқан жергілікті өкілетті органдардың да қосып отырған үлесінің зор екендігі баршаға аян. Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 30 жыл толып отыр. Өткен күндердің өлшемімен қарағанда осы уақыт аралығында халық игілігі үшін қаншама қыруар тірлік атқарылғанын аңғару қиын емес.

Сол 30 жылдың 14 жылын тұрғындардың маған жүктеген сенімінің арқасында аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде үш шақырылым аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланып, әріптестеріммен бірге ауызбіршілікпен, түсіністікпен қызмет атқарғанымды мақтаныш етемін. 

2003 жылғы үшінші шақырылған жергілікті мәслихаттар сайлауының нәтижесінде бірнеше депутаттыққа кандидаттардың арасынан сайлаушылар сенімін иеленген өмірлік тәжірибелері мол 12 депутат аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Алғашқы шақырылымдарға қарағанда депутаттар құрамы 80 пайызға жаңарды, талай істерді тындырудан тайсалған жоқ. Сол уақытта біздің алдымызда ауданда қабылданған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың орындалуы, аудандық бюджетті бекіту, аудандық мәслихаттың жоспарына сәйкес ең өзекті, аудан үшін маңызы зор мәселелерді сессияға тиянақты дайындау, нәтижелі өткізу сияқты басты міндеттер тұрды. Аудандық бюджетті бекіту және бекітілген бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сессияда бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізетін тексеру комиссияларының да жұмысы жолға қойылды. 

Ең маңыздысы депутаттар корпусы республикада тұңғыш рет аудан әкімін сайлауын ұйымшыл өткізіп, тарихи міндеттерін адал атқарды. Атап айтсақ, Әлібек Аманғалиев, Тілекқабыл Қабдолов, Алтай Көбегенов, Бағытжан Боқаев, Жұмағазы Мұқашев, Адайхан Елубаев, Ахмет Ищанов, Мақсот Қилыбаев, Тілекқабыл Құсайынов, Жолдас Демесінов, Жандарбек Ермұқанов өздерінің өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, елге дұрыс бағыт-бағдар беріп отырды. Бұл, әрине, аудандық мәслихаттың мәртебесінің артуына белгілі дәрежеде ықпал етті.

Бұл шақырылымда мәслихат 36 сессия өткізіп, аудан үшін өте маңызды мәселелер қаралды. Ал, 2005 жылы қатты жауған жауынның салдарынан рельстен пойыздың сырғып шығып кету апаты орын алып, төтенше жағдайлардың зардабын жою үшін бюджеттен тыс жергілікті қор ашу туралы шешім қабылданды.

Төртінші шақырылған аудандық мәслихаттың жұмысы 2007 жылдың тамыз айында басталып, мені екінші рет аудандық мәслихаттың хатшысы етіп сайлады.  Алдыңғы шақырылымның депутаттары Алтай Көбегенов, Адайхан Елубаев, Ахмет Ищанов, Мақсот Қилыбаев бұл шақырылымға қайта сайланып, оған Дәмен Алтаева, Гүлсара Медыева, Батырбек Ондасынов, Айсұлу Қондыбаева, Қуаныш Паритов, Ізтұрған Тасбаев, Жандарбек Ермұқанов секілді жаңа есімдер қосылып, ауданда жасалған үлкен істерде өз қолтаңбаларын қалдырды.

Аудандық мәслихат жұмысының жандануына, депутаттардың сайлаушылар арасындағы беделінің артуына олардың өз сайлаушыларымен жүйелі түрде кездесіп, айтқан ұсыныс талаптарын тиісті жеріне жеткізіп, оның орындалуын қадағалап отыруы көп септігін тигізді. Аудандық мәслихаттың жанынан құрылған тұрақты комиссиялар сайлаушылардың өтініштеріне сай халық шаруашылығының әртүрлі салаларында орын алған кемшіліктерге тексеру жүргізіп, қорытындысын аудандық мәслихаттың сессиясына немесе атқарушы биліктің тиісті органдарына ұсынып отырды.

2012 жылы бесінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының жұмысы басталды. Бұл кезеңде Дәмен Алтаева, Гүлсара Медыева, Саламат Кекілбаев, Батырбек Ондасынов, Асима Мендалиева, Қанат Алдияров, Талғат Тасқынбаев, Ахмет Ищанов, Қанат Сакупов, Ізтұрған Тасбаев, Жандарбек Ермұқанов депутат болып сайланып, маған кезекті рет мәслихат хатшысы жүгі артылды.

Әр шақырылымның, әр кезеңнің өз міндеттері бар, бұрынғыға қарағанда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесі өскен, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарған, бюджет түсімі молайған кезең еді. Бесінші шақырылым депутаттары сессияларда аудан бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асуы, ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу шараларының атқарылуы туралы, аудан көлемінде ветеринариялық жұмыстардың орындалысы туралы т.б мәселелерді қарап, кемшіліктерді жоюға бағытталған шешімдер қабылдады.

Айта кететін маңызды оқиға 2013 жылы 13 наурызда өткен сессияда аудандық мәслихатттың шешімімен Бәйгетөбе ауылы және Бәйгетөбе ауылдық округін құру туралы шешім қабылданды. Ал, 5 сәуірде өткен сессияда депутаттар ауданның кейбір елді мекендерін (Байшонас және Есене) тарату туралы ұсыныс көтерді. Оның алдында 2009 жылы Қошқар, Комсомол, Бекбике ауылдарын тарату туралы шешім қабылданған болатын. 

Әр кездерде сайланған мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойылған әрбір көкейтесті мәселелердің мән-жайымен толық танысып, тұрақты комиссияның отырысы мен сессияда жан-жақты талқылап, дұрыс шешім шығаруға ықпал етіп отырды. Аудандық мәслихаттың көп жылдардан бері аспай, саспай бір деммен жұмыс істеп келе жатқанының басты себебі – оның өз жұмыстарында үнемі Қазақстан Республикасының заңнамаларын басшылыққа алып отыруында.

Алдағы уақытта да жергілікті мәслихаттардың атқарушы органдармен бірлесе отырып, өздеріне сенім білдірген халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім мол. 

 

Табылды ЖОЛМАҒАМБЕТОВ

III, IV, V шақырылған аудандық мәслихат хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT