Әр істің жай-жапсарын, атқарылу деңгейін, алдағы бағыт-бағдарды бағамдауда халық лайықты бағасын беріп отырары анық. Бұл ретте біз өткен жылды қорытындылап, жыл басында тұрғындардың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі және атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарларын білмек ниетте аудан әкімімен сұхбат жүргізгенді жөн көрдік.
– Қайырлы күн, Азамат Саматұлы! Аудан әкімі болып сайланғаныңызға жарты жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында ауданда көптеген жұмыстар атқарылғанын аңғаруға болады. Ауданымыз 100 жылдық мерейтойын тойлап, әр сала да бірқатар жетістіктерге жетті. Жалпы, бүгінде ауданның ахуалы қалай?
– Иә, қазіргі таңда мұнайлы өңіріміздің даму қарқыны жоғары. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы ауданда мақсатты бастамалар қолға алынып, бірқатар жұмыстар жасалды.
Ең алдымен ауданымыз ғасырлық тойын тойлап, мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шаралар тұрғындардың көңілінен шығып, өз деңгейінде өтті деп ойлаймын. Жалпы, тұрғындар тұрмысын жеңілдету, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі – халықтың көз алдында.
Мұның барлығы халықпен бірлесе атқарған жұмыстың жемісі деуге де болады.
– Бәрімізге белгілі, өткен жылы ауданда тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдеген жоқ. Биыл бұл жұмыстардың барысы қандай болмақ? Жалпы, үй кезегінде тұрғандар саны қанша?
– Мақат ауданында бұл бағытта атқарылған шаруалар баршылық. Айталық, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, ауданда әлеуметтік жағынан осал топтар мен жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар үшін 2 пәтерлі 26 тұрғын үй сатып алынып, пайдалануға берілді.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражатының есебінен 2 пәтерлі 50 тұрғын үй және «Ембімұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен 2 пәтерлі 30 тұрғын үй сатып алып, аталған санаттағы тұрғындарға пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда жалпы аудан бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар саны – 731 адам.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың маусым айында Мақат кентіндегі 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Сонымен қатар, 2023 жылдың қараша айында «NCOC» компаниясының демеушілігімен Доссор кентінен 3 қатарлы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталып, құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Өздеріңізге белгілі, дүйсенбі күні аудан халқының өмір сүру сапасын арттырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарламамен жергілікті бюджет есебінен сатып алынған 7 жаңа тұрғын үйдің кілті 14 отбасыға салтанатты түрде табысталды.
Одан бөлек, қолданыстағы тұрғын үйлерді апатты жағдайға жеткізбеу мақсатында Мақат кентіндегі 12 көп қабатты тұрғын үйдің төбе шатырларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл Мақат кентінен 13 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеттері мен төбе шатырларын күрделі жөңдеуден өткізу жоспарда бар.
– Нәтижелі жұмыстардың арқасында ауданымыз спорт саласында жақсы жетістік көрсетіп отыр. Спортшылар биылғы жылы байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көріне білді. Осы тұрғыда ауданның спорттағы жетістіктеріне тоқталсаңыз?
– Иә, бүгінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылып, спортты дамыту мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының біріне айналды.
Осы ретте ауданның спорт саласы қарқынды дамып, жоғары нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бұл әрине аудан спортшыларының айтулы еңбегі деп білемін.
Одан бөлек, ауданымызда ұлттық спорт түрлері де қарқынды дамуда. Айта кетелік, өткен жылдың қазан айында ауданымызда ұлттық спорт түрінен аудандық жабық біріншілік өтті. Дүбірлі алаңда тай жарыс, құнан жарыстан бәйгелер ұйымдастырылған болатын.
Бұл ретте спортшыларымыз да тек ауданда ғана емес, республикалық додаларда топ жарды. Мәселен, қазан айында Шымкент қаласында өткен аударыспақтан жасөспірімдер арасындағы ҚР-ның XII чемпионатында 82 кг салмақ дәрежесінде жерлесіміз Ғарифолла Бекзат жүлделі I орын иеленді. Жалпы, әртүрлі спорт түрлерінен спортшыларымыз облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде өнер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатып жүр.
Сөзіме дәлел, қараша айында Алматы қаласында өткен халықаралық NAIZA 69 турнирінде Муай-тайдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Еламан Сая-сатов ресейлік спортшымен күш сынасып, жеңіске жетті.
Спортшыларымыздың осындай айтулы жеңістерінің арқасында жыл қорытындысымен Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі республика бойынша үздік атанып, аудан абыройын арттырды.
Сондықтан, аудан бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы спорттық шаралар әрі қарай жалғасын таба бермек.
Тағы айта кетерлігі, балаларымыздың спортпен шұғылдануына және бос уақыттарын тиімді пайдалануына жағдай жасау мақсатында, өткен жылдың сәуір айында Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, спорт зал мен үлкен футбол алаңы, қазан айында Доссор кентіндегі О.Шаримов Р.Төлешқалиев, Қ.Сейтов Ш.Еркешов көшелері мен Мақат кентіндегі Береке көшесі бойындағы және өткен жылдың аяғында Бәйгетөбе ауылынан балаларға арналған төрт ойын алаңы пайдалануға берілді.
Бұдан басқа, Мақат кентіндегі төрт көшеде спорт және ойын алаңының құрылысы мен көп салалы «Мақат Арена» спорт кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Доссор кентіндегі Мұнай және газ колледжі аймағынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда және Әмірхан Мантаев көшесіндегі спорт кешенінің құрылысына жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтті. Аталған нысандардың құрылыс жұмыстарын биылғы жылы бастау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Бәйгетөбе ауылынан да дене шынықтыру- сауықтыру спорт кешенінің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда.
– Халық көкейіндегі сауалға келсек. Жалпы, аудан көлеміндегі жолдар жайлы ай¬тып берсеңіз. Қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жол мәселесіне келсек, ауданның 2024-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, Мақат кентіне 24 шақырым автокөлік жолының құрылысы енгізіліп, өткен жылы оның 10 шақырымы аяқталды және 2025 жылы қалған 14 шақырымын аяқтау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, Доссор кентіндегі 32,7 шақырым болатын жолға жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы бастау алады. Нәтижесінде Доссор кенті толығымен кентішілік автокөлік жолымен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, аудан бойынша қоғамдық көліктер үшін аялдамалардың жоқтығы халық арасында жиі көтерілетін мәселе болғандықтан, өткен жылы 54 автобус аялдамаларына жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Мемлекеттік сараптамадан өткізілген жобалардың жұмыстары биылғы жылы қаражаттың бөлінуіне қарай басталатын болады.
– Теміржол вокзалындағы перрон құрылысы жұмыстарының жай-күйін білгіміз келеді. Одан бөлек, ауыз сумен қамту мәселесі, тозығы жеткен ғимараттардың бірі – кәріз айдау стансасы және электр желісімен қамту бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мақат кентіндегі вокзал перронына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.
Ал, Доссор кентінің вокзал перронын күрделі жөндеуден өткізу үшін жасақталған жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға түзету енгізу жұмыстары аяқталып, сараптамадан оң қорытынды алынғаннан кейін, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Осы Доссор кентінің вокзал перронын күрделі жөндеуден өткізу көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе болғандықтан үнемі өзімнің бақылауымда.
Халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі бойынша тоқталатын болсам, Мақат кентіндегі 1975 жылы өз жұмысын бастаған №1, 2, 3 және 4 ауыз су резервуарларына өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба жасақталып, ағымдағы жылы сараптаманың оң қорытындысы алынды. Доссор кентіне жерасты сумен жабдықтау станциясының 3 су қазаны құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл жұмыстар биылғы жылы басталатын болады.
Сондай-ақ, Мақат кентіндегі ескі тозығы жеткен ғимараттардың бірі – ол кәріз айдау стансасының ғимараттары. Аталған ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба жасақталып, өткен жылы сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ағымдағы жылы аталған нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары бастау алады.
Сонымен қатар, Доссор кентінде кәріз айдау стансасының 1 кезеңі, яғни кентішілік кәріз желілерінің құрылысы аяқталды, бүгінгі таңда 2 кезеңі, яғни, кәріз тазалау имаратының құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда.
Одан бөлек, электр желісімен қамту бағыты бойынша Мақат кентіндегі Атырау-Жарық теңгеріміндегі әуе желілерінің 6,2 шақырым тоқ желілері оқшауланған кабельдеріне ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, ескірген теміржол желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады.
Нәтижесінде кенттегі көп қабатты тұрғын үйлер толығымен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.
Жарық мәселесіне келсек, 2023 жылдың қараша айында Доссор кентінде көше жарығының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстарының құрылысы басталған болатын. Алайда, қазіргі таңда жобаға енгізілмей қалған көшелердің болуына байланысты жобаға қайта түзетулер енгізіліп, сараптаманың оң нәтижесі алынды.
Сонымен қатар, Доссор кентіндегі Атырау-Жарық теңгеріміндегі әуе желілерінің 8 шақырым тоқ желілерін оқшауланған (сип) кабельдерге ауыстыру жұмыстары жүргізілген болатын. Сондай-ақ, кентішілік Ш.Еркешов, Н.Құсайынов, Р.Төлешқалиев көшелері мен Ынтымақ ықшам ауданындағы трансформаторлық станциялары ауыстырылды.
Алдағы уақытта Мақат кенті мен Бәйгетөбе ауылдық округіне қарасты елді мекендерге көше жарығын жүргізу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, өткен жылдың аяғында автогидроподъемник арнайы техникасы сатып алынып, Мақат кенті әкімдігінің теңгеріміне пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 17 арнайы техника сатып алу жоспарда бар.
– Аудан келбеті осыдан бірнеше жыл бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріп, ауданымыздың көркі көз тартып келеді. Әрине, ауданның таза әрі әдемі болуы ең алдымен өзімізге және сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер сыйламақ. Осы ретте абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды тоқталып өтсеңіз?
– Абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға тоқталсам, өткен жылдың мамыр айында аудан орталығындағы «Болашақ» аллеясын қайта жаңарту жұмыстары басталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, орталықта «Қазақстан Республикасы Рәміздер алаңы» және Мақат кентінде вокзал перронының құрылыс жұмыстары аяқталды.
Биыл аудан жастарының бос уақыттарын тиімді пайдаланып, демалыс орындарын көбейту мақсатында Бәйгетөбе ауылынан Жастар саябағын салу және Мақат кентіндегі Газшылар ықшам ауданындағы алаңды қайта жаңарту сондай-ақ, «NCOC» компаниясының демеушілігімен Мақат кентіндегі орталық алаңды қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Доссор кентіндегі Б.Аймағанбетов көшесінен балалар ойын алаңшасының және «Бірлік» ықшам ауданынан демалыс саябағының құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда. Бұдан басқа, өткен жылы Мақат кентінің кіре беріс жолына «Мақат ауданына 100 жыл» атты арка құрылысы басталған болатын. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, биыл аудан көшелеріне «Ембімұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен жасыл желектер отырғызу жоспарланып отыр.
– Аудандағы білім, денсаулық салалары туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Және аталған саладағы әлеуметтік нысандардың бүгінгі жағдайы қандай?
– Білім саласы бойынша тоқталып өтсем, өткен жылдың шілде айында Доссор кентіндегі А.Құнанбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Одан бөлек, Доссор кентіндегі 1 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтті. Ағымдағы жылы аталған нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары бастау алады.
Сонымен қатар, «NCOC» компаниясының демеушілігімен Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектебіне жапсарлас 250 орындық ғимарат құрылысын бастау үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтті. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын бастау үшін тендерлік рәсімдер жүргізілуде. Осы жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Одан бөлек, өткен жылдың аяғында білім бөліміне қарасты мектептерге оқушыларды тасымалдауға арналған 2 ПАЗ- 3205 автокөлігі пайдалануға берілді.
Айта кетерлігі, ауданымызда білім саласы да қарқынды дамып келеді. Оған дәлел өткен жылдың қазан айында Ресей елінің Астрахань қаласында Ресей мен Қазқстан арасында менталды арифметика бойынша алғашқы рет флеш батл ретінде халықаралық олимпиада өткен болатын. Олимпиадаға ауданымыздан 6 оқушы қатысып, нәтижесінде барлығы жүлделі орындарға ие болды. Оған қоса, шахматпен айналысатын бүлдіршіндеріміз облыстық чемпионатқа қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.
Осындай сүбелі жұмыстар натижесінде 2024 жылы жыл қорытындысымен ауданымыздағы №2 бастауыш мектебі республика бойынша «Үздік ауыл мектебі» атанып, мектеп директоры Баймұқашев Руслан Теміржанұлы «Іскер менеджер» номинациясын иеленді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша, 2023 жылы ауданға 2 жаңа автокөлік берілді және өткен жылы 2 жас дәрігермен толықты. Сондай-ақ, өткен жылдың аяғында «NCOC» компаниясының демеушілігімен ауданның мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығына «TOYOTO HIACE» автокөлігі табысталды.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарымен кездесу барысында Мақат кентінен оңалту орталығын салу мәселесі көтерілген болатын. Аталған мәселені шешу мақсатында Мақат кентінен қазіргі таңда бос тұрған әкімшілік ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық- сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
– Ауданымызда тағы бір көңіл аударатын мәселе, ол – қоғамдық тәртіп мәселесі. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Осы ретте биыл қоғамдық тәртіп мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан көшелеріне бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілмек. Өйткені, ауданда 2024 жылы қылмыстар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,4 % - ға өскен. Осы бағытта аудан көшелеріне 379 бейне бақылау камераларын орнату үшін жоба жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Яғни, Мақат кентіне – 188, Доссор кентіне – 171 және Бәйгетөбе ауылдық округі көшелеріне – 20 бейнебақылау камералары орнатылады. Орнатылатын бейнекамералардың аудан ішіндегі түрлі қылмыстың, құқық бұзушылықтардың алдын алуда көмегі зор болмақ.
– Әрине, бір сұхбатта ауданның бар тіршілігін баян ету мүмкін емес. Әйтсе де, аудандағы жасалған қарымды іс пен алға жоспарланған шаруалар өз уақытымен жүзеге асып, бірқатар мәселелер шешімін табады деп сенеміз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Әсем ҚАСЫМ