Мектепте дебат клубы құрылды

(0 Votes)

Аптаның сейсенбісінде Доссор кентіндегі Сабыр Шарипов атындағы мектеп-интернатында ресми түрде дебат клубының ашылуы болды.

Ол шараға аудан бойынша дебат ойындарын ұйымдастырушы Асылбек Есжан, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуандық Таңғалиев, география пәнінің мұғалімі Әсел Көптілеуова және 8-10 сынып аралығындағы оқушылар қатысты.

Арнайы қонақ ретінде шақырылған Асылбек Есжан алдымен оқушыларға пікірталас бойынша жалпылама түсініктеме беріп өтті. Сонымен қатар әңгімелесу барысында дебаттың тарихы, форматтары, терминдері, турнир ұйымдастыру мен клуб жүргізудің жолдары секілді тақырыптар қамтылды. Оқушылар өз кезегінде ойларында туындаған сұрақтардың жауабын алып отырды.

- Дебатты білмейтін адам құр айқайласу деп ойлауы мүмкін. Алайда ол ұшқыр ой мен ұтымды сөзді қажет ететін интеллектуалдардың сайысы. Ауданымызда кенже қалған осы ойынды қала мектептерінің деңгейіне жақындатуға сәл де болса үлес қоса алсам қуаныштымын. Шын ниеттеріңізбен дебат әлеміне қадам басып жатырсаңыздар ол табандылықты, ізденімпаздықты және адалдықты қажет ететіндігін айта кетейін. Бәлкім мектептегі кездерің үлкен тәжірибе болып, студенттік шақта тіс қаққан пікірталас шеберлеріне айналарсыздар, - деді қонақ.

Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуандық Сансызбайұлы болса болашақта клубтың жиналысы тұрақты түрде өтіп тұратындығын, қатарларын көбеюге жұмыстанатындығын және жақын арада турнир өтізетіндіктерін айтты. Клубтың жетекшісі болып Әсел Көптілеуова тағайындалды.

Алған бағыттарынан таймаса Сабыр Шарипов мектеп-интернаты нағыз ораторлардың ұстаханасына айналады деген үміт бар. Біз тек бастамалары басқа мектептерге де үлгі болса екен деп тіледік.

                                                                                                                                 А. Жұмабекұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT