Мейірхан мен Сымбат - үздік конферансье

(0 Votes)

Аудандық мәдениет үйінде аудандық «Конферансье-2022» байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты түрлі мерекелік шаралардың тізгінін ұстайтын болашақ кеш жүргізушілерін табу болды.

Аталмыш сайысқа сегіз мектептен 16 үміткер қатысты. Жұп болып өнер көрсеткен қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезең – сахна және сөйлеу мәдениеті, дауыс ырғағы, екпін белгісінің, мәтін мәнерлігінің дұрыс айтылуынан тұрса, екінші кезеңде ресми шаралар мен тақырыптық кештер, телевизиялық бағыттағы әртүрлі шаралар туралы сценарий дайындап, сахнада көрсетті. Шешуші кезеңде қатысушылар түрлі ситуациялық жағдайдан шыға білу шеберліктері сыналды.


Алғашқы кезеңде алғашқы боп өнер көрсетіп, шетел тілінен аударылған «Жетім қыздың монологы» шығармасын оқыған Л.Шахатов атындағы орта мектебінің оқушылары Мейірхан Орынбасарұлы және Сымбат Максимқызы көрерменнің көңілін босатса, Мұқағали мен Фаризаның өлеңдерінен диалог оқыған Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Абылайхан Жәмшебай және Аружан Аманғалиева екі ақын өлеңдерін әдемі үндестіріп, махаббат лирикасын жеткізе білді. Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің үміткерлері Серік Қалкен, Райла Жеңіс "Аққулар ұйықтағанда" туындысының желісімен қойылым сахналаса, М.Баймұханов атындағы орта мектебінің үміткерлері Сұлтан Кәрім, Мерей Азаматқызы «Уақыттың қадірі», О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің оқушылары Шапағат Шалқар, Айназ Мизам «Мама», А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Мәдина Сүлеймен, Ақтілек Жамбылқызы «Мәншүк Мәметованың монологы», Х.Санбаев атындағы орта мектебінің қатысушылары Гүлханым Серікқалиқызы, Сая Бекқалиева «Ана», С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатының оқушылары Әлішер Серікбай, Айымгүл Шыңғыс «Нарынқұм зауалы» туындыларын көрермендерге шебер жеткізе білді.


Екінші кезеңде қатысушылардың бірі әдеби-сазды кеш жүргізіп, жаңалықтар оқыса, бірі «Таңшолпан», «Ақжүніс», «Мәселе» бағдарламаларының желісі бойынша сұхбат жүргізді. Соңғы кезең ситуациялық жағдайдан шығу бөлімінде қатысушылардың бірі сүрініп, бірі тапсырманы тиянақты орындап шықты.


Байқау қорытындысы бойынша Мәдина Сүлеймен, Ақтілек Жамбылқызы (А.Құнанбаев орта мектебі), Абылайхан Жәмшебай, Аружан Аманғалиева (Б.Қанатбаев орта мектебі) ІІІ орынды місе тұтса, Гүлханым Серікқалиқызы, Сая Бекқалиева (Х.Санбаев орта мектебі) ІІ орынды қанжығалады. Серік Қалкен, Райла Жеңіс (Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені) І орынмен марапатталды. Ал, жарыстың Бас жүлдесіне Л.Шахатов атындағы орта мектебінің оқушылары Мейірхан Орынбасарұлы мен Сымбат Мәкенқызы ие болды.


Байқау соңында мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанбарбек Сарбасов сөз алып, ұйымдастыру алқасы атынан барша қатысушыларға және жетекшілеріне дипломдармен естелік сыйлықтар табыс етті.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT