Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Елге арнаған мақаласын оқып шықтым.
Елбасы қазақ елінің басынан өткен небір қилы замандарды айта келіп, бар қиындықтан шығудың жолын ата-бабамыз қалыптастырып, оны күні бүгін жалғап келе жатқанымызды дұрыс айтты.
Шындығында, кез келген ауыртпалықты тек мықты тәртіп пен ұйымшылдық арқасында еңсеруге болатыны белгілі.
«Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде». Олай болса, шыдамдылық пен біртұтастық, сөзге тоқтау, тәртіпке бағыну - баршамызды қиындықтан алып шығарына сенемін.
«Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі». Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.
Сондықтан да, денсаулық - зор байлығымызды сақтап қалу тағы да өзімізге байланысты.
«Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады» дейді Елбасы.
Олай болса, сенім мен үмітімізді жоғалтпайық. Бәріміз бірге болайық!
Т.ДӘУЛЕТОВ,
дәрігер,
аудандық мәслихат депутаты
Сурет: ашық дереккөз