Мақаттың тумасы тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының жүлдегері атанды

(0 Votes)

Елімізде тұңғыш рет оқушылар арасында (U-15, U-17) тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Төрт күндік сайыс қорытындысында «рапид» және «блиц» бойынша ең мықтылар анықталды. Нәтижесінде Қазақстан командасы сегіз алтын медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен мақаттың тумасы Мәдина Есқайыр тоғызқұмалақтың «рапид» түрінен қола жүлдеге қол жеткізді. 15 жасқа дейінгі қыздар арасында қатысқан жерлесіміз 7 турда 5 ұпай жинады. Қола жүлде иегеріне 150 мың теңге қаржылай сертификат табысталды.

Бүгінде Атырау қаласындағы Б.Нысанбаев атындағы мектептің 9-сыныбында оқитын Мәдина - облыстық №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімінің тәрбиеленушісі. Тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Құрманбай Ашетов пен жүлдегердің жеке тренері Айнагүл Сүлейменовалардың үміті ақталды.

- Мәдинаның жүлдесі - бүкіл атыраулық тоғызқұмалақшылардың мерейі мен абыройы. Тоғызқұмалақтан әлемдік додада жеңіп алған Атырау тарихындағы тұңғыш жүлде кейінгі жастарға жұғысты болсын. Ұлттық ойынды насихаттау, жиі жарыс ұйымдастыру арқылы деңгейін көтере аламыз. Жеңісті күндеріміз болсын,- дейді бас жаттықтырушы Қ.Ашетов.

Айта кетейік, оқушылар арасындағы әлем біріншілігіне 17 елден (Чехия, Моңғолия, Түркия, Бангладеш, Испания, Колумбия, Пәкістан, Венгрия, Өзбекстан және т.б.)200-ден астам спортшы қатысты.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT