Ауылға көңiл бөлу және оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл ретте ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар легі аз емес. Алға қойылған жоспарлар жыл өткен сайын кезеңімен қарқын алып келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар Доссор кентінде көрініс табуда.
Жобаның алғашқы бағыты – инфрақұрылымды кешенді дамытып, сапалы әрі жайлы тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Бұл ретте Доссор кентінде жеке тұрғын үй салу үшін бөлінген 564 жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары жүруде. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС атқаруда. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 40 пайызы орындалған. Жоспар бойынша келер жылға дейін толық аяқталуы тиіс. Айта кетейік, кентте жерге мұқтаж 652 адам кезекте тұр.
Доссорда атқарылып жатырған жұмыстар бұнымен аяқталмайды. Кенттегі «Бірлік» ықшам ауданы, Р.Төлешқалиев, Қ.Сейтов көшелеріне балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңдары салынуда. Құрылыс жұмыстарымен «ГрантМастер» ЖШС айналысып жатыр.
«Бұл жобалар тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүру деңгейін көтеруге, демалыс орындарымен қамтамасыз етуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аталмыш жұмыстардың уақтылы бітуі күн тәртібінде тұр», - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілхайыр Қадыров.
Ел игілігі үшін берілетін бұл алаңдар тұрғындардың сүйікті орнына айналары сөзсіз. Жергілікті жерді дамыту жолындағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмасына кәміл сенеміз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА