Жаңа жабдықтың арқасында Атырау облыстық перинаталдық орталығында алты нәрестенің өмірі аман қалды

(0 Votes)

Атырау облыстық перинаталдық орталығында дәрігерлер ауыр туа біткен ақауы бар алты жаңа туған сәбиге сәтті ота жасады. Барлық операциялар заманауи жабдықтардың арқасында мүмкін болды. Бұл құрылғыларды «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Ayala» қоры орталыққа табыстаған болатын.

Ең күрделі оталардың бірі ас қорыту жүйесінің туа біткен ақауымен дүниеге келген 10 күндік нәрестеге жасалды. Дәрігерлер көп кезеңді жоғары технологиялық операция жүргізіп, баланың өмірін аман сақтап қалды. Қазір сәбидің жағдайы тұрақты, алдағы күндері үйіне шығарылмақ.

Мамандардың айтуынша, мұндай патологиялар баланың ана құрсағында жатқан кезінде қалыптасады және өмірінің алғашқы сағаттарында-ақ өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Оларға ішек атрезиясы (ішектің тұйықталуы), стеноз (тарылуы), ішкі ағзалардың дұрыс орналаспауы және басқа да ауыр даму ақаулары жатады. Негізгі белгілері – тоқтамайтын құсу, іштің кебуі және үлкен дәреттің болмауы. Уақтылы жасалмаған ота мұндай балалардың өміріне қатер төндіреді.

Ота және жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшелеріне орнатылған заманауи жабдықтар дәрігерлерге аса күрделі хирургиялық операцияларды жоғары деңгейде орындауға және нәрестелердің өмірін аман алып қалуға мүмкіндік беріп отыр.

«Соңғы бірнеше айда жаңа жабдықтардың арқасында ауыр туа біткен патологиясы бар алты сәбиге сәтті ота жасалды. Барлық балалар сауығып, үйлеріне шығарылды», — делінген перинаталдық орталықтың хабарламасында.

«Ayala» қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауы өңірде неонаталдық хирургияны дамытуға үлкен үлес қосып, өмірінің алғашқы күндерінен бастап жоғары технологиялық көмекке мұқтаж сәбилердің өмірін сақтауға мүмкіндік берді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT