Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Мақат ауданына арнайы сапармен келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Жиынға облыстық атқарушы органдардың өкілдері, аудандық бөлім басшылары және тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында Серік Жамбылұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Соның ішінде апатты жағдайдағы көпқабатты үйлер, жол құрылысы, көше жарығын жаңарту, ауыз сумен қамтамасыз ету аясында және өзге де бағыттағы жасалған жұмыстарға тоқталып өтті.
Сонымен қатар, Ескене елді мекенінің тұрғындарын көшіру жоспары туралы да айтты.
Бұдан соң бұқара үніне құлақ түріліп, облыс әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесуде аудан тұрғындары денсаулық, білім саласына қатысты сұрақтарын, одан бөлек, инфрақұрылымдық жобалар, Ескене елді мекенінің тұрғындарын қалаға көшіру, тұрғын үй кезегі туралы және өзгеде бірқатар мәселелерді қозғап, тиісінше заң шеңберінде өз жауаптарын алды.
Кездесу соңында облыс әкімі Серік Жамбылұлы азаматтарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелерін тыңдады.
Ж.Қамза
Суреттерді түсірген:Б.Серік


