Жуырда Талдықорған қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан жеке жаттығулар бойынша Қазақстан Республикасының біріншілігі өткен болатын.
Еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар бас қосқан жарыс нәтижесінде жерлесіміз Асылбек Жолдасқали жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс қорытындысы бойынша да ІІ орынға ие болған еді.
«Қазақстан Республикасының спорт шебері» нормативын орындаған жерлесімізді кеше аудан халқы салтанатты түрде күтіп алды. Олардың қатарында жергілікті спортшылар, Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы, БАҚ қызметкерлері, кент әкімі, аудан тұрғындары және жас спортшының туыстары болды.
Құттықтау сөз кезегі алдымен Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетовке берілді. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың депутаты Әділбек Нұрманов, Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әмірхан Жүгінісов және аталған мектептің директорының орынбасары Қанат Есқариев те жылы лебіздерін білдіріп, сөз сөйледі.
Дүбірлі доданың күміс жүлдегері атанған Асылбектің ендігі жоспары ел чемпионатында топ жару.
А.Есжан