15 ақпан күні өткен Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашевтың тәртіптік ісі қаралды.
Лауазымды тұлға 2023 жылдың 21 қараша күні 60 млн. теңгеге ескі ғимаратты сатып алуға қатысты конкурс жариялаған. Яғни, басқа кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу мүмкіндіктерін шектей отырып, нақты бір ғимараттың 60 млн. теңгеге сатып алынуы үшін жапсарлас орналасқан ғимаратқа техникалық ерекшеліктерін заңсыз сәйкестендіру арқылы, нақ сол ғимаратты сатып алуға конкурс жариялағаны анықталды. Осылайша, бөлім басшысы тарапынан мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптары өрескел бұзылған.
Прокурорлардың айтуынша, бұл конкурс жарияламай тұрып, аудандық білім бөлімінің басшысы кәсіпкермен кездескен. Сондықтан да белгілі бір кәсіпкерге артықшылық көрсеткені және өзіне бағынышты мекемеге заңсыз араласқаны үшін әрекетін тәртіптік теріс қылық деп танып, әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік кеңеске ісін жолдаған.
Екі жақтың пікірі тыңдалып, талқылағаннан кейін Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шешімімен Айбол Долдашевқа заңнамада көзделген тәртіпке сәйкес мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметке толық сәйкес еместігі туралы» ескерту түріндегі жаза берілді.