Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов ауданның 100 жылдығы аясында «NCOC» компаниясының демеушілігімен алынған 13 орындық «Toyota Hiаce» автокөлігінің кілтін «Мақат футбол командасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Бекеновқа табыс етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Аудан басшысы жасыл алаңда аудан намысын абыроймен қорғап, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрген аяқдопшыларға жеңісті күндер тіледі.
- «NCOC» компаниясының демеушілігімен алынған темір тұлпар мен спорттық киімдерді ауданымыздың спортшыларына табыстауды жөн көріп отырмыз. Осы орайда «NCOC» компаниясының басшылығына өзімнің және аудан тұрғындарының атынан ризашылығымды білдере отырып, алға қарай да бірлескен түрде жұмыстар жүргізілетіндігіне сенімім мол,- деді Р.Ибрагимов.
Табысталған темір тұлпар аяқдоп шеберлерінің аймақ орталығында өтетін додаларға қатысуына септігін тигізбек.
Сондай ақ, бүгінгі таңда ауданның аяқдопшылары Қазақстан және әлем біріншіліктерінде өнер көрсетіп келеді. Дәлірек айтсақ, футзалдан ұлттық құрамаға шақырту алып, «Европа кубогі» бәсекесінде ойын көрсеткен Жақсылық Амандосов, 19 жасқа дейінгі кіші аяқдоптан ұлттық құрама ойыншысы Ерасыл Шарапиденов ел намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген мақаттық спортшылар.
Айта кетейік, облыстың футзал лигасында Мақат ауданының 8 құрамасы алаңға шығады. Бұл аймақтағы аудан арасындағы жоғарғы көрсеткіш.