Мақат ауданында коронавирусқа қарсы екпе алу басталды

(0 Votes)

Төрткүл дүниені дүрліктірген аты жаман ауру алақандай ауданымызға жетіп, кәрі-жас демей,  алқымынан алған кезде, "апырай, мұның бір емі табылмас па екен?",-деп абдырап қалғанымыз жасырын емес. "Жанымызды қоярға жер таппай" жүргенде, коронавирусқа пневмония қосылып, қарттарымыздың біразын жоғалтып алдық.

"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дегенді атам қазақ әуелден айтқан. Адамзаттың ғарышты игерген шағында вирустың алдында осыншама дәрменсіз болуы көңіл құлазытатын. Енді міне, жер шарының түкпір-түкпірінен әлемнің жетекші мемлекеттері Covid-қа қарсы вакцинаның түр-түрін шығара бастады.

sputnikk-1

Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Ресейлік "Спутник-V" вакцинасы ақпан айының бірінде 1000 данамен облысымызға жеткізіліп, оның 30-ы араға екі тәулік салып, біздің ауданға да жетті. Әзірге ерікті түрде екпе салдыртуға 15 тұрғын өтініш білдірген. Екпені алғашқылардың бірі болып аудан әкімі аппаратының басшысы Бекәділ  Жайкин мен аудандық аурухана басшысы Асулан Абдрахманов және аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Тоғаева қабылдады.

sputnikk-3

Екпе алғаннан кейін 30 минут дәрігерлердің бақылауында болды.

sputnikk-2

Екпені алғаш болып қабылдағандардың бірі Г.Тоғаева: "Коронавирус жұқпасының таралуын болдырмай алдын алу мақсатында екпе қабылдадым. Ұжымдық иммунитет қалыптастырудың бірден-бір жолы вакцинация болып табылады. Екпе қабылдағаннан кейінгі жағдайым жаман емес, өзімді жақсы сезінудемін",-дейді.

sputnikk-4

Дәрігер сондай-ақ, екпеден кейін сәл қызу көтеріліп жатса, қалыпты жағдай екенін айтып, үш күнге дейін моншаға баруға болмайтынын, ешқандай алкогольдік ішімдік қабылдауға болмайтынын ескертті.


А.САДЫКОВ

Суреттер автордікі

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT