Биылғы оқу жылында Атырау облысынан жүзден аса ұстаз «Зерделі» мектебінде кәсіби білімін арттырды.
“Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі – республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын даярлайтын білім беру орталығы.
Осы ретте еліміз бойынша білім жетілдірген мыңдаған мұғалімнің арасынан төрт мұғалім үздік нәтиже көрсеткені үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдаманы иеленді.
Білімімен биік белесті бағындырған төрт жүлдегердің бірі - Атырау облысы Мақат ауданының № 2 бастауыш мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Аюпова Нұргүл Жанжігітқызы.
Пәндік олимпиада есептерін шығару бойынша ұстаздар арасында ең үздік нәтиже көрсеткен Нұргүл Жанжігітқызы оқушыларын олимпиадалар мен математикалық челлендждерге дайындап, ауыл мектебінің білім сапасын көтеруге айтарлықтай үлес қосып келеді.
2024-2025 оқу жылында “Қазақстандағы ең үздік ауыл мектебі” номинациясын иеленген Мақат ауданының № 2 бастауыш мектебі оқу - тәрбие қызметінің жоғары деңгейде екенін тағы бір жетістігімен дәлелдеді.
Ә.ҚАСЫМ