Ел тыныштығы басты мақсат

(0 Votes)

 Әскери қызмет – бұл тек мамандық қана емес, бұл — ұлт алдындағы жауапкершілік, халқына және мемлекетіне адал қызмет етудің символы. Осындай қасиетті жолды таңдап, өмір жолын Отан қорғауға арнаған білікті жас офицерлердің бірі, жерлесіміз – Ерболат Қырықбаев.

Ерболат 1999 жылдың 7 сәуірінде Мақат кентінде дүниеге келген. Балалық шағынан бастап тәртіп пен жауапкершілікті жанына серік еткен ол, ерте жастан әскери саланы өз болашағымен байланыстырды. Бұл таңдауы кездейсоқ емес еді — елін, жерін шексіз сүйетін, әділеттілік пен тәртіпті жоғары қоятын ұлтжанды жас үшін бұл жол – қасиетті парыз.

Мектеп кезінен жан-жақты қырымен танылған ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 2020 жылы аяқтап, заң саласындағы білімін тереңдетеді. Сонымен қатар, оқу орны жанындағы әскери кафедрада оқып, алғашқы әскери шені — лейтенант атағын иеленді. Бұл оның әскери мансабындағы алғашқы, бірақ маңызды қадамы болды.

«Университет қабырғасында жүріп, өзімше ізденіп, тағы да жаңа мамандықты меңгеруді көздедім. Осылайша Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі әскери кафедраны аяқтап шыққан болатынмын. Осы сәттен бастап әскери саланың темірдей қатал тәртібіне үйрене бастадым»,- дейді Ерболат Қырықбаев.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң ол аудан әкімдігінде заңгер маманы болып жұмысқа орналасады. Бірақ көп уақыт өтпей, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен келісімшарт негізінде қызметке орналасу туралы ұсыныс түседі.

Осылайша, Ерболат Болатұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында еңбек жолын бастап, бүгінде Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы № 99240 әскери бөлімінде қызмет етуде. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап 2025 жылдың 1 мамырына дейін ол осы бөлімнің аумақтық қорғаныс батальоны, күзет ротасы, күзет взводының командирі қызметін атқаруда. Бұл кезеңде ол өз бөлімшесін жоғары дайындықта ұстап, жауынгерлік қабілетін арттыру бағытында белсенді жұмыс жасады.

«Туған жерден жырақтап, ел тыныштығы үшін осындай жауапты қызметті таңдадым. Әскери сала басқа қызметтерге қарағанда аса жауапкершілікті танытатын іс. Десе де Отанға адал қызмет еткеннің арқасында аз уақыттың ішінде лауазымым жоғарылады.

Бұл қызмет – тек әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстары ғана емес, сонымен қатар адам тағдырларымен, ел қауіпсіздігімен тікелей байланысты маңызды лауазым. Ол кандидаттарды іріктеу, әскери қызметке қабылдау немесе шығаруға байланысты бұйрықтарды дайындау, құжаттамалық жұмыстар жүргізу секілді ауқымды міндеттерді кәсіби деңгейде атқарып отырмын»,-дейді жас офицер.

Әскери адам – Отанның айбыны, елдің тірегі. Олар – мемлекеттің тәуелсіздігін, бейбіт өмірін қорғап жүрген қырағы да қайсар жандар. Жауынгер болу – тек мамандық емес, бұл – өмір салты, бұл – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен адалдықтың айғағы. Әскери қызметкер – тәртіп пен тәрбие үлгісі. Ол ел басына күн туса, алдыңғы шепте тұратын азамат. Олар әрдайым дайындықта, қиындыққа төтеп беруге, жауапкершілікті мойнына алуға бейім тұрады. Бұл – үлкен ерлік пен табандылықты талап ететін жол.

Қазақ халқында «Ер ел үшін туады» ,- деген дана сөз бар. Бүгінде еліміздің Қарулы күштерінде қызмет етіп жүрген кейіпкеріміз сынды әскери азаматтар осы сөздің шынайы мағынасын өз өмірімен дәлелдеп жүр. Бейбіт күннің батырлары саналатын әскерилердің ерлігі мен еңбегі – жас ұрпақ үшін үлгі. Отанын сүйген әр азамат елге қызмет етудің қадір-қасиетін осы мамандық иелерінен үйренуге тиіс.Ел тыныштығының кепілі болған әскери қызметкерлерге шексіз алғыс пен құрмет көрсетілуі керек. Себебі олар – бейбіт күннің шын жанашырлары.

Қазіргі таңда Ерболат Болатұлы – жоғары тәртіп, адамгершілік пен кәсібилікке негізделген қызметі — көпке үлгі. Ол әскери мансабын одан әрі келісімшарт негізінде жалғастырып, өз білімін, тәжірибесін ел игілігі үшін жұмсауға бел буып отыр. «Жалпы қазіргі таңда әскери саланы таңдағаныма еш өкінбеймін.

Отан алдында адал қызмет ету әр азаматтың борышы. Әскери сала қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында мемлекетіміз барлық жағдайды жасауда. Бұл әскери саланы таңдаймын деген әрбір азамат үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан болашақ жас ұландарды осы абыройлы қызметке шақырамын» ,- дейді кейіпкеріміз.

Ол – елге адал қызмет етудің үлгісі. Қай жерде болмасын, қандай лауазымда жүрсе де, ең басты құндылық – Отан алдындағы адалдық пен жауапкершілік екенін ешқашан естен шығармайды.

Осындай жастар – еліміздің болашағы, Қазақстан Қарулы Күштерінің мызғымас тірегі болмақ.

Жаннұр Қамза

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT