Лидия әжейдің алғысы шексіз

(0 Votes)

  «Біз жиылсақ – көппіз. Жайылсақ – жоқпыз» осы сөздің астында қаншама мән-мағына жатыр. Еліміздегі ынтымақ пен бірлік – басты құндылықтардың бірі. Көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурыз – ел тұрғындары үшін маңызды мереке.

Төрт жылдан бері халықтар достығын нығайтатын, ізгілікке үндейтін Алғыс айту күнін дәстүрлі түрде атап өтіп келеміз. Бұл мереке келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетіні анық. Ендеше, қыстан аман-есен шығып, көктемнің күнімен қауышқан шақта Лидия әжеймен жағдай сұрасуға мүмкіндік туды.                                                                     

Лида Фахрутдинованың әкесі Кадир Фахрутдинов Доссор кентінің тумасы. Ұлы Отан соғысының ардагері. Ал, анасы Елена Кампин 1950 жылы Алтай өлкесінен қазақ жеріне жер ауып келген. Екі жас мұнайлы өлкеде кездесіп, 1960 жылы отау құрады. Осы жылы қазан айында дүниеге Лида келеді. Ол отбасында жалғыз қыз болып өседі. Әкесінің де, анасының да ұлты – татар. Соғыстан оралғаннан кейін Кадир Фахрутдинов мұнай-газ өндіру басқармасында суретші болып қызмет етіп, осы өлкеге біраз тер төгеді. Ал, Елена Кампин өлкедегі №2 училищеде сылақшы болып қызмет етеді. Ана жолын қуған Лида Фахрутдиновада өмір бойы сылақшы мамандығы бойынша қызмет атқарған. Өмірдің талай қиындығы мен  қызығына куә болған Лида әжей бүгінде ІІ топ мүгедегі, жалғыз басты жан. «Үш айдай болды төсек тартып жатырмын. Қолғабыс етіп, әлеуметтік қызметкер Марал Жұмағазиева көмектеседі. Мектеп оқушылары да келіп, үй-жайға қарайласып, азық-түлік әкеліп, қайырымдылық танытып жүр. Осындай мейірімді жандар тұратын елде өмір сүріп жатырғаныма ризашылығым шексіз. Мені шеттетпейді, бауырларындай көреді»,- деп Лидия әжей қазақстандықтарды сол бауырмалдылықтан, мейірімдіктен айырылмауға шақырды.                                                                                         Расымен де, сол жер аударылған адамдардың өздері де, бүгінгі ұрпақтары да Қазақстанды Отанымыз деп санап, осында өсіп-өнді. Татулықтың түтінін түтетіп отырған олар қазақ халқына алғыс айтуды міндеті санайды. «Өзге ұлт өкілдері секілді, біздің де қазақ жұртына айтар алғысымыз мол. Бізді  сол кездері  жатсынбай, құшақ жая қарсы алғаны үшін Қазақ еліне қарыздармыз.
Менің ойымша, бұл тамаша мереке. Өйткені, біздің елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл татулық қазақ халқының арқасы. Қиын-қыстау кезде қарындары аш, киімдері тозған, баспанасыз келген азаматтарды бауырына басқан қазақ халқы еді. Бүтін нанын бөліп беріп, үйдің төрін ұсынды. Өзге деп өгейсінбей, бауырына басқан болатын. Сондықтан, біз, өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғысымызды айтқанбыз да, айта береміз де. Тек бүгін ғана емес, әрқашан бір-бірімізге алғыс айтып, өзіміз де алғысқа бөленіп жүре берейік»-, деп сөзін қорытындылады Лидия әжей.                                                                              

Тағдыр талайына ұшырап, қазақ жерінен пана тапқан әрбір ұлттың ұрпағы қазір тарихтан тағылым алып отыр. Бүкіл елдің жасаған жақсылығының өтемі ретінде Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.     

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT