Доссор кентіндегі Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай «Кәсіби маман: білім, тәжірибе және дағды» атты жұмыс берушілермен бірлескен форум өтті.
Ауқымды шараға аудан басшылығы, жұмыс беруші кәсіпорын өкілдері мен білім саласының мамандары қатысты.
Форум аясында NCOC компаниясының демеушілігімен жабдықталған жаңа «Токарь» цехы ашылды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Азамат Мәмбетов бұл - өндіріс саласындағы нақты сұранысқа жауап беретін маңызды бастама екенін атап өтіп, демеуші NCOC компаниясына аудан әкімінің арнайы алғыс хатын табыс етті.
Сондай-ақ, студенттерге сапалы білім мен тәжірибе беруге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
«Бұл цех – болашақ жас мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік. Жаңа өндірістік база жастардың сапалы білім алып, тәжірибе жинақтауына жағдай жасайды», - деді аудан әкімі Азамат Саматұлы өз сөзінде.
Әрі қарай NCOC компаниясының жергілікті мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің басшысы Сұңқар Құлжанов құттықтау сөз сөйлеп, осындай жобалардың еңбек нарығына білікті мамандар дайындауға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
«Осындай бастамалар техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттырып, еңбек нарығын білікті мамандармен толықтырады. Жастарға мүмкіндік беру - болашаққа инвестиция салу», - деді өз сөзінде Сұңқар Құлжанов.
Әрі қарай цехтың лентасы қию NCOC компаниясының жергілікті мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің басшысы Сұңқар Құлжанов пен ардагер ұстаз, кәсіптік білім беру ісінің үздігі Төрағали Төлекбаевқа бұйырды.
Сондай-ақ, форумға қатысушылар жаңадан ашылған оқу цехтарын аралап, заманауи жабдықтармен танысты. Студенттердің өз қолымен жасаған бұйымдары мен тағамдарынан құралған шағын көрме де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Шара аясында екінші бір маңызды нысан – жеке демеушілердің қолдауымен ашылған «Аспаз» цехының да тұсауы кесілді. Лентаны қию рәсіміне ApecPetro Technic жоғары колледжі директорының орынбасары Шәкіржан Мұрзағалиев пен кәсіпкер демеуші Айгүл Елеусіноваға жолданды.
Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл цех студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, салтанатты бөлімде қолдау білдірген жеке кәсіпкерлерге колледж басшысы Ізтұрған Молдабекұлының арнайы алғыс хаты табысталып, олардың білім беру саласына қосып жатқан үлесі жоғары бағаланды.
Форум «Еңбек нарығының талаптары және кәсіби маман даярлау» тақырыбында дөңгелек үстелмен жалғасты. Мұнда аудан әкімі Азамат Мамбетов сөз сөйлеп, білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.
Әрмен қарай, аудандық мансап орталығының басшысы Айбол Бағытов жастарды жұмыспен қамту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бүгінгі таңда ауданда кәсіби білімі бар жастарға сұраныс жоғары екендігін жеткізді.
Дөңгелек үстел барысында колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу жағдайы, өндірістік тәжірибе кезеңіндегі қиындықтар, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар жайлы келелі пікірлер де айтылды.
Ашық микрофон сәтінде форум қатысушылары көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жолдады.
Форум соңында Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Ізтұрған Таспаев жұмыс беруші кәсіпорындар «Атырау Ойл Сервис» ЖШС, «КазПетроИнжернеринг» ЖСШ және Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық – техникалық колледжі өкілдерімен өзара ынтымақтастықты көздейтін меморандумға қол қойды.
Бұл құжат колледж түлектерінің өндірістік тәжірибеден өтуіне, әрі қарай жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Жиынға қатысқан барлық меймандар форумның ұйымдастырылу деңгейіне оң баға беріп, алдағы уақытта осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін ізгі тілектерін білдірді.
Айта кетейік, ауданымызда өткізілген бұл форум жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған маңызды әрі мазмұнды іс-шара. Жаңадан ашылған өндірістік цехтар мен қол қойылған меморандумдар жастардың кәсіби дамуына жол ашатын нақты қадам. Ең бастысы, мемлекет, жұмыс беруші және білім беру ұйымдарының ортақ мақсат - білікті маман даярлау жолындағы бірлескен еңбегі болашаққа деген сенімді нығайта түседі.
Г.Жұбанышқалиева