Ескі қазаны бар үйлер есік ашпайды

(0 Votes)

Жылыту маусымы басталысымен ауданда көпқабатты үй пәтерлерінің жылыту қазандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы мәселе туындатады.

Ол үшін арнайы жұмысшы тобы құрылып, үй аралап түсінік жұмыстарын жүргізуді де «әдетке» айналдырып алғандай.

Басқа елді мекендерде қайдам, аудандағы 72 көппәтерлі үйдің 1986 пәтерінің есігін қағып, алтын уақыттарын қауіпсіздіктің алдын алуға арнап жүрген жұмысшы тобы жыл сайынғы жұмыстарын жалғастыруға шықты. Апта ішінде аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бекәділ Жайкин бастап, кент әкімшілігі, «Газ Аймақ» ЖШС мекемесі, төтенше жағдайлар бөлімі, ішкі істер бөлімі қызметкерлерінен құрылған жұмысшы тобы көппәтерлі үйлердің газ пайдалану желілерін тексерді. Жұмысшы тобының міндеті де сол – автономды жылыту жүйелері бар көппәтерлі үйлердің құрылыс және санитарлық нормаларының ережелеріне сәйкестігін тексеру, жылу қазандықтарының заң нормаларына сәйкестігін тексеру, жылу қазандықтарының заң нормаларына сәйкес орнатылғандығын қадағалау, пәтер иелеріне апатты жағдайларды болдырмау және олардың алдын алу шараларын түсіндіру.

Биылғы жылдың шілде айында аудан әкімінің №236-ө өкімімен Мақат, Доссор кенттеріндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің жылу қазандықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған жұмысшы тобы бүгінгі таңда 22 үйді тексеріп, ондағы 643 пәтер есігін ашпай қойған. Тексеру барысында тұрғын үй қатынастары және газ пайдалану заңдарына қайшы әрекеттері анықталған 27 тұрғын үй иесіне ескертпе беріліп, 4 пәтердің жылыту қазаны газ желісінен ажыратылған. Себебі, бұл үйлерде қоршаған ортаға зиянын тигізбеу, ескі жылу қазандары мен резина желімен газ пайдалану деректері анықталып, заң талаптары бұзылған. Ескерту берілген әрбір тұрғын үй иесі 1 ай мерзім уақыт ішінде өздерінің қауіпсіздігін басты назарға алып, заң талаптарын орындауы шарт. Енді міне, жылыту маусымы да басталды. Ала жаздай «әндетіп», әлі де қазан мәселесін кейінге қалдырған тұрғындардың жайы алаңдаушылық тудырып отыр. Тексеру барысында байқағанымыз көптеген үйлер жаңа пештер әкеліп қойып, жүйеге қосуға мүмкіншілік таппай отырғанын алға тартса, енді бірі тәуекелге бел буып, резина құбырмен газ тартып алып, алаңсыз отыр. Жұмысшы тобы өкілдері ескертулер беріп, қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында түсінік берді. Бұл жұмыстар аудан кенттеріндегі көппәтерлі тұрғын үйлер назарына берілуде. Сондықтан әрбір тұрғынның газ пайдаланудың күрделі кезеңі - жылыту маусымында автономды жылыту жүйелерінің талапқа сай болуын ескеруі – өте маңызды.

Л.НҰРБАЕВА.

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521