Ескенеліктерге жылжымалы медициналық кешен барды (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Ескенелік тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздай қалса, әбігерге түсетін. Өйткені алақандай ғана елді мекенде емхана да, медициналық пункт те жоқ. Сондықтан жергілікті тұрғындар науқастанған жағдайда не сағаттап ақ халатты абзал жандарды күтуге, не өздері аудан орталығындағы емханаға қатынауға мәжбүр.

Шалғай ауылдардағы тұрғындардың дәрігер кеңесіне және сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін елімізде 2012 жылдан бері жылжымалы медициналық кешен құрылып, жұмысын бастаған болатын. Көршілес Жылыой және Құрманғазы аудандары аталмыш кешенмен бұрыннан қамтылса, өткен аптада облыстағы аудандық ауруханаларға бөлінген 5 жылжымалы медициналық кешеннің бірі өңірімізге бұйырды.

abtobus

Енді аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл халқы ем іздеп орталыққа немесе қалаға сабылмайды, оларға медициналық көмек көрсететін көлік өзі барады.  Бұл  аурудың алдын алып, халықтың денсаулығын жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз.

abtobus-1

Жылжымалы медициналық кешен жай ғана автобус емес, құдды көшпелі емхана секілді. Іші толықтай компьютерлік құралдармен жабдықталған. Азаматтарға 7 түрлі медициналық көмек көрсетуге болады. Ескене және Таскескен бекеттеріндегі ағайынға медициналық көмек беру үшін жылжымалы бригада 27 қазан күні аталмыш елді мекенге барды. Тамаша мүмкіндікті пайдаланған ауыл тұрғындары ешқайда сабылмай-ақ, кезегімен дәрігерлердің қабылдауында болып, өздеріне қажетті мәліметтерді алды. Бірі хирургке, енді бірі терапевтке көрініп, қан сынамаларын тапсырды.

abtobus-4

Дәрігерлер тобын аталмыш бекетке ауданның бас дәрігері Асулан Нұрбұланұлы бастап барды. Өңірдегі медицина орталықтарының білікті қызметкерлері, сол ауылдың тұрғындарына дәрігерлік кеңес беріп, денсаулық жағдайына байланысты айтқан шағымдарына қарай тексеру жүргізіп, ем-шараларын жүзеге асырды. Топ құрамында хирург, терапевт, лор, окулист, гинеколог, рентген-лаборант, лаборант, узи дәрігері, тіс дәрігері тағы да басқа ауру түрлерін қарайтын арнайы мамандар болды.

abtobus-3

«Бізге жүктелген міндет – тұрғындарды әрі-бері сабылтпай, заманауи медициналық құралдарды қолдана отырып, жоғары кәсіби дәрігерлік көмек көрсету. Бұл кешен бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен аудандық орталық ауруханаға берілген болатын. Қазіргі таңда шалғай орналасқан елді мекендерге өз қызметімізді бастап кеттік. Аудандағы медицина қызметкерлері ауыл тұрғындарының сырқатын анықтап, қажетті ем-домын жасауда. Барлығы білікті де білімді, жоғарғы санатты дәрігерлер. Олар алдына келген емделушіні біріншіден, скринингтік тексерістен өткізеді. Егер тексеру нәтижесінде сырқаты күрделі екені анықталса, онда ол адам тізімге алынып, әрі қарай емделеді. Карантин кезінде ауыл тұрғындары емханаларға тексеріле алмай қалған болатын, оның үстіне көлік қатынасы қиындық туғызады. Сондықтан өзіміз келіп халыққа қызмет етудеміз. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады»,- деді бас дәрігер.

abtobus-2

Медициналық кешен арқылы тұрғындардың созылмалы инфекциялық емес ауруларын анықтауға зор мүмкіндік береді. Кешен арнайы лифт-пандуспен жабдықталған. Сондай-ақ, мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеке кіру есігі қарастырылған. Кешен цифрлық қондырғылармен жарақтандырылған жеті мамандандырылған кабинеттерден тұрады. Атап айтқанда: жалпы қабылдау, жалпы тәжірибе дәрігері, анализдер қабылдау аймағы, дәріханалық пункт, функционалды диагностика тестілері, акушер-гинеколог кабинеті мен сәулелі диагностика кабинеттері бар. Жылжымалы кешеннің көмегімен алпыстан астам ауруға диагноз қоюға болады.

abtobus-5

Бұл күні жылжымалы медициналық кешен келетінін естіген Таскескен бекетінің тұрғыны Равиля Ибатулина Ескенеге арнайы келген. Жылжымалы кешенде медициналық көмек алған алпыс жастағы ауыл тұрғыны: «Ауыл тұрғындарының көбі – қариялар, аналар мен балалар. Олардың қалаға немесе аудан орталығына шығуы қиындық туғызады, аудан орталығына барып дәрігерлерге қаралуға мұршасы келмейтіндер де бар. Сондықтан бұл - үлкен мүмкіндік. Ауылға келген осындай жылжымалы медициналық кешеннің қызметіне жүгініп, әртүрлі мамандардың жәрдемін алып жатырмыз. Дәрігерлерге қаралдық, жақсы қарсы алды, кеңестерін айтты. Өзім біраз ағзамды тексертіп алдым. Рентгенге және узиға түстім. Жүректі, аяғымды бәрін қараттым. Денсаулығым жақсы деді. Қызметтің бұл түрі тиімді екен, тағы да келіп тұрсын деген тілегіміз бар», – деп ризашылығын білдірді.

abtobus-7

Бұл күні аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан, жүзден астам тұрғыны бар Ескене және Таскескен ауылының тұрғындары тегін медициналық тексерулерден өту мүмкіндігін қалт жібермеді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауы арқылы жеткізілген жылжымалы кешендер - отандық өнім. Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында құрастырылған.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордан

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT