Мәжілісте заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам құруды көздейтін заң жобасы талқыланады

Мәжілісте заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам құруды көздейтін заң жобасы талқыланады
Фото: Kazinform
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар құқық бұзушылық профилактикасы туралы заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салып, жоғары білім саласында Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімді қарайды.

Естеріңізге сала кетсек, 13 қазанда Мәжіліс төрағасының төрағалығымен өткен палата бюросында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі белгіленген еді. Соған орай депутаттар ең алдымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және басқа да заңнамалық актілерге тиісті түзетулермен «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салады.

Бұл құжатты Үкімет Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты белгілеу мақсатында әзірледі.

    - Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет, - деген еді Президент Жолдауда.

Жаңа заң жобасы қолданыстағы бес заңның нормаларын біріктіреді және бірыңғай профилактика жүйесін құруға бағытталған. Құжат профилактика субъектілерінің тізбесін кеңейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын белсенді азаматтарды ынталандыру шараларын күшейтеді. Алғаш рет қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама даярлауды және уәкілетті органдардың жұмысын бағалауды көздейді. Сондай-ақ оған профилактиканың арнайы және қылмыстың салдарын зерттеу шаралары енгізіледі.

Сонымен қатар депутаттар жалпы отырыста Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы Қазақстан-Ресей келісімін қарайды. Бұл құжатта осы филиалда қазақ, орыс және басқа тілдерде оқыту, білім беру саласындағы міндетті лицензиялау, аккредиттеу және мемлекеттік бақылау, филиалды өзінің және қарастырылған өзге де көздер есебінен қаржыландыру қамтылады.

Бұдан басқа, су ресурстарын тұрақты басқару есебінен халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған 1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау ұсынылады.

Мұнан бөлек, депутаттар бірқатар жаңа заң жобалары бойынша қорытынды дайындау мерзімін анықтауға тиіс. Бұл қатарда «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілген түзетулер, көлік құралдары иелерінің, тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, денсаулық сақтау мәселелері бойынша жаңашылдықтар, сонымен қатар Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісім бар.

Айта кетейік, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысы жаңа Құрылыс кодексі бірінші оқылымда мақұлданды. Аталған құжатты таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, кодекс қабылданғаннан кейін құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесі енгізіледі.

Тәртіпті күшейту үшін ереже бұзған компанияларға қатысты ортақ жауапкершілік енгізіледі. Егер ірі заң бұзу фактісі анықталса, мұндай компанияларға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салынады.

Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Ол нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру ісін қолға алады. Нысанды қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен төтенше жағдай органдары міндетті түрде қатысады.

    - Олар нысанның пайдалануға дайын екендігі туралы қорытынды береді. Жаңа заңнамалық өзгерістер құрылыс циклінің басынан аяғына дейін мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздеп отыр, - деді министр.

Сондай-ақ депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутек және уран секторында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы көмірсутекті барлау мен өндіруге инвестиция тартуға, сондай-ақ уран өнеркәсібінде мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған.

Заң жобасын депутаттарға таныстырған Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин түзетулерде «аз зерттелген аумақ» ұғымын енгізу ұсынылғанын айтты. Бұл – өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе перспективалық шөгінді бассейндері анықталмаған аумақтар.

    - Бүгін қаралып отырған заң жобасы — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін, инвестициялық тартымдылығын және геологиялық ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат. Сонымен қатар, бұл заң – Қазақстанның табиғи байлығын ұлт игілігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам, - деді депутат.

Сонымен қатар Мәжіліс зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірленген.

    — Оның басты мақсаты – зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру, шығармашылық қызмет нәтижелері мен дараландыру құралдарын пайдалануға қатысты құқықтық қатынастарды дамыту болып табылады. Сонымен қатар, Марракеш келісіміне сәйкес көру қабілеті бұзылған адамдарға автордың келісімінсіз жарияланған туындыларға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделеді. Заң жобасы үш кодекске - Азаматтық, Кәсіпкерлік және Кедендік реттеу кодекстеріне, сонымен қатар авторлық құқық, патент, сауда белгілері және зияткерлік меншіктің басқа да нысандары туралы заңдарды қоса алғанда, алты салалық заңға түзетулер енгізуді көздейді, - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов.

Жалпы отырыс қорытындысында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 13 депутаттық сауал жолдады.

Мәселен, Нұртай Сабильянов Абай облысының халқы жергілікті жолдардың жөнделуін талап етіп отырғанын айтса, Еркебұлан Мәмбетов Солтүстік Қазақстан облысындағы автожолды жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігін алға тартты.

Ал Ерболат Саурықов ішкі туризмді дамытуда бірізді саясат пен айқын бағдар жоқтығына назар аудартты. Темір Қырықбаев болса, науқастарды тасымалдайтын әуе кемелері қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтігін сынады. Дәулет Тұрлыханов медицина мамандарының тапшылығы халықтың денсаулығына кері әсер етіп отырғанына алаңдаушылық білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT