Доссор мәдениет үйі жанындағы «Еркем-ай» үлгілі би тобы Ақтөбе қаласынан жүлделі оралды.
Жерлестеріміз VII Республикалық «Жас дарын» фестиваль-байқауына би номинациясы бойынша бақтарын сынауға аттанған болатын. 14-16 жас аралығында жарысқа түскен аруларымыз көрерменнің назарына «Құрбылар» биін ұсынды. Биді қойған Доссордың түлегі, қазіргі таңда Орал қаласында тұратын педагогика ғылымдарының магистрі, режиссер-хореограф, балетмейстер Аслан Тілеуғалиев, ал топ жетекшісі – Нұргүл Базарқұлова.
Құрамында педагог-хореограф, «Dar» заманауи және спорттық би мектебінің негізін қалаушы Катарина Радуш және «Dream Way Dance & Art Lab» би мектебінің би қоюшы-хореографы, «ТНТ» телеканалындағы «Би» ТВ-шоуының қатысушысы Карина Синтхалат сынды өнер майталмандары бар қазылар алқасының шешімімен «Еркем-ай» үлгілі би тобы бас жүлдені жеңіп алды.
А.Есжан