Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде жас мемлекетімізді әлемге әйгілеп, алпауыт елдермен тереземізді тең еткен бас қалаға айналды. Бас қала күніне арналған мерекелік шара Мақат кентіндегі «Балбөбек» бөбекжай балабақшасында өтті.
"Ел жүрегі - Нұр-Сұлтан" атты мерекелік шараға аудан әкімі Жұмабай Қарағаев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Алмабек Абдолов, ардагерлер және ата-аналар қатысты. Еліміздің астанасының 22 жылдық мерейтойына «Балбөбек», «Нұрбөбек», №54 және «Болашақ» балабақша бүлдіршіндерінің мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды.
Мерекелік концерттік бағдарламадан кейін барша жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Жұмабай Қарағаев: "Мақат ауданы да ел бастаған ұлы көштің қатарында әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып, халықтың әлеуетін дамытуда өз үлесін қосып келеді. Аудан балабақшаларында ағылшын тілін дамытқымыз келіп отыр. Шет елден мамандар алып, әр балабақшада сабақ өткізіп, бір жыл ішінде қандай нәтиже беретінін тәжірибе жүзінде көретін боламыз. Сондай-ақ, қараша айынан бастап "Балалар мен жасөспірімдер клубын" ашуды жоспарлап отырмыз. Ер балаларға робототехника кабинеті және қыз балаларға ландшафт дизайн клубын ашатын боламыз. Болашаққа қойған тағы бір міндетіміз -Мақат кентінен 125 орындық білім инновациялық мектебін жатақханасымен салуды қолға алатын боламыз. Онда аудан оқушылары 7-сыныптан кейін облыс орталығына бармай, туған жерінде тереңдетіп білім алатын болады"- деді.
Ел ертеңі - бүлдіршіндерге, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастырудағы абыройлы қызметтері үшін аталмыш балабақша ұжымдарын алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, өнер көрсеткен бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар тарту етілді. Астана күнін мақаттықтар осылай қарсы алды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі