Еңбекпен ер атанды

(0 Votes)

Бүгінде 70-ке келіп, ел ағасы атанған Марат аға дүниеге келіп, ес білген тұста қоғамда жайма-шуақ тіршілік орнаған заман болатын.

Сол кездің өзінде еңбек адамдары қайнаған ұжым ортасында беделге ие болып, ортаның мақтанышына айналған кезі-тұғын. Осы көріністердің өзі Марат Ақтілеуұлы Шайкөновті ерте есейтті. Қоғам­ ерінбей еңбек еткендікі екендігін ұғынып өсті. Содан болар, Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты тұжырымдамалық бағдарламасы шыққан кезде алғашқылардың бірі болып қолдаған еді.

ҰШҚАН ҰЯ

Әкесі Ақтілеу Доссор жерінде дүниеге келген. Ата-анасының болашақта жақсылықты ғана күтетіндігін көзінің қарашығындай ұлына Ақтілеу есімін берумен байқатқандай. Үміт еткен ұлдары Гурьев мұнай техникумын бітірді. Өзі құралпы жас жігіттердей әскер қатарында қызмет етті. Оны лайықты аяқтап, елге оралған шағы ақ финдермен болған ұрысқа ұласты. Одан әрі жауынгер борышын ел басына күн туған тұста адал атқаруға кірісті. Ол Москва маңындағы Подольск әскери артиллерия училищесін тәмамдады. Кейін білімін іс жүзіне жаратып, жолдастары арасында батыл да ержүректілігімен танылды. Ол басқарған взводтың зеңбіректері фашистердің талай танктерін отқа орап, жолын кесті. Ұрыс даласындағы ерлік істері елеусіз қалмады. Ол үшін де лейтенант А.Шәйкөнов медальдармен марапатталды. Жүрегі-жалын, от кеуделі офицер қан майданда жаудың күні-түні жаудырған оғынан аман қалмады. Шабуылды айқастардың бірінде ауыр жараланды. Бейбіт заманда өмір сүруге жазған бақытын еш уақытта есінен шығармаған офицер кейін денесіне жау оғының дарымаған жері қалмағанын әңгіме етіп айтып отырушы еді.

Оқ пен оттан денесі жарақат алғанымен, рухын жарақаттай алмады. Өмір сүруге бейім жауынгер көңілі оның бір орында тұрып қалмай, білімін жалғастыруға жетеледі. Сөйтіп, ауылға оралған соң, Ташкентке барып, заңгерлік курсты оқып келді. Білім біліктілігі оның көршілес, тіпті бір кездері қосылып, кейіннен қайта дербестік алған Жылыой, Қызылқоға аудандарында тергеуші, сот жүргізушісі, прокурор міндеттерін атқаруға дейін жеткізді.

Мамандықта әуелгі таңдауы жас жігітті бір орында байыз тапқызбады. Ол айналып келіп, мұнай саласына қойып кеп кетті. Қосшағыл, Қаратон, Қошқар, Мақат, Байшонас кен орындарындағы беделді қызметтері – соның айғағы.

Ақтілеу қарт өмірінің соңына дейін (1974 ж.) Доссор мұнай өндіру басқармасы бастығының орынбасары қызметінде болды. Ал отанасы кім еді? Ол да қарапайым еңбек адамы болатын. Сол кездегі мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты жұмысшыларды жабдықтау бөліміндегі кулинарияда жұмыс жасады. Ісіне адал, көптің сүйіктісіне айнала білген Қанзиба Исақызы табан аудармастан сол орында 40 жыл тер төкті. Ол көзінің тірісінде «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне таққан жан еді. Қанзиба ана мен Ақтілеу екеуінен 7 бала тарады. Тағдырдың тартуынан пенде құтылған ба? Капиза, Мұрат, Болаты және енді ғана дүние есігін ашқан сәбиі жарық дүниемен ерте қоштасты. Ал, Гүлшара мен Гүлнары, ұрпақ жалғастырған ұлы Мараты қазақы қалыппен өз үйлерінің түтінін түтетіп келеді. Міне, шежірелі аймақтың бір ғана шаңырағын тарқатқан кезде айналасы жарты ғасырдың ішіндегі мұнайлы өңірдің әр отбасына тән тарихты парақтаймыз. Жетпіске шығып отырған ел ағасы Марат Ақтілеуұлы – осы әулеттің жалғасы. Бір шаңырақтың сенімі мен үміті. Көзінің нұры болатын.

МҰНАЙШЫ МАРАТ

Марат Шайкөнов сол сенімнен шығу жолындағы өмір баспалдағымен бөліскен сәтте оның жеңістер мен табыстардан құралғанын білдік. Ол жастайынан қатарының алды, оқуда үздік болды. Доссордағы Белинский атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң 1967-1968 жылдары Алматыдағы Қазақтың политехникалық институтының мұнай факультетінің дайындық курсында оқыды. Көп ұзамай, мұнай-газ кенішін кешенді механизациялау және өңдеу мамандығы бойынша оқуын жалғады.

Сөйтіп, әкесінің мұнай иісі сіңген жұмысшы киіміне қызығып ержеткен Марат аға өзі туған өлкесі –Доссорында 1972 жылы мұнайшы мамандығында еңбекке араласты.

Өз заманындағы жастардың басын қосқан орта – комсомол ұйымы болатын. Сол ұйым арқылы жастар қоғамдық жұмыстардың бел ортасында танылып, ұйымдастыру, басқару ісіне белсенді араласа бастайды. Осы тұста астанадан оқу орнын тәмамдап келген Марат Шайкөнов қарап қалмады. Білек сыбана кірісті. Сөйтіп, шыңдалды. Тың идеялар мен ұсыныстардың қақ ортасынан табылды. Ауылдастары мен замандастары оны белсенді комсомол ретінде тани бастады. Марат аға өткен жылы аталмыш ұйымның ғасыр толған салтанатына қатысты. Омырауына төсбелгісін тақты. Адам баласы қашан да жарыспен жетіліп, дамып отырады емес пе? Бұл ретте білімді жас мұнайшы жігіт социалистік жарыстарда шыңдалу үстіне шыңдала берді. Сол талпыныс 1975 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісіне ие қылды. Бұл – жеңістің алғашқы баспалдағы ғана болатын.

1979 жылы мұнай институтын аяқтап келген жас маман Доссор мұнай-газ өндіру учаскесіне қарасты Таңатар мұнай өндіру бригадасына жұмысқа тұрады. Жұмысшының еңбек майданында қызып, коллектив ішінде тартынбай, өзгелермен бірге қимылдауы қашан да ескерусіз қалмайды. Оның үстіне саланың оқуын оқып, ол жөнінде жоғары білім болған соң төртінші разрядты мұнай өндіру операторы білікті маман ретінде таныла бастады.

1980 жылы Доссор мұнай өндіру учаскесіне шебер, 1981 жылы өндіріс-технология бөлімі басқару аппаратының аға инженері, 1983 жылы орталық инженерлік-технологиялық қызметтің технологі болып жауапты қызметтерді атқарады. Еңбектегі құрмет көп күттірмеді. Облыстық комсомол комитетінің Құрмет грамотасы, партияның Құрмет грамотасы оның жігеріне жігер үстеді.

БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕ

М.Ақтілеуұлы ұжымды ұйыта білу, оны басқару ісіне төселе бастаған шағы болатын. Мұны айналасындағылар да тез қабылдап, мойынсұна бастады. Жан жақты жетілген кадр қай кезде басшылықтың көз қырында жүреді. 1985 жылы М.Шайкөновті басқарманың жоспарлау бөлімінің инженері қызметіне ауыстырады. Кейіннен мұнай өндіру басқармалары арасындағы жұмыс тәртібінің өзгеруіне қарай бөлінген сәтте де басқару қызметінен қалыс қалмаған маман орталық инженерлік технология қызметіне аға технолог ретінде тағайындалады.

Техника қауіпсіздігін сақтау жөнінен бас инженердің орынбасары, орталық инженерлік технология қызметінің бастығы, технология бөлімінің инженері, орталық инженерлік технология қызметінің ауысым басшысы қызметтерін абыроймен атқарған оны еліміздің тәуелсіздік алған жылдарының тұсында басқарма басшысының ұйғарымымен техника қауіпсіздігін сақтау және еңбекті қорғау жөнінен инженер кейіннен қызмет басшысы етіп тағайындалды.

ӘРІПТЕС АТЫ ҚҰРМЕТТІ

Мұнай өндіре бастағанына ғасырдан аса уақыт өткен Доссор мұнай-газ өндіру басқармасын қасиетті қарашаңырақ деп таныған Марат аға өзіне басшылық еткен, өзімен әріптес болған азаматтарды еңбекте – елеулі, елге – қалаулы болуына біраз еңбек сіңірді деп санайды. Олардың қатарында басқарманы әр кездері басқарған, сондай-ақ басқарма аппаратында қызметтес болған Бақыт Сматуллин, Бисенбай Табынбаев, Талғат Тасқынбаев, Мақсот Наукенов, Табылды Қанатбаевтар болса, бірге оқыған курстас жолдастары Ізғали Қожахметов, Сайлау Бажбенов, Мұңал Избергенов, Аманжол Қабдолов есімін құрметпен атайды.

ЕҢБЕКТІҢ ЕНШІСІ

Еткен еңбек, төккен тердің еншісіндей болған марапаттары жетпіске шыққан мерейгерде аз емес. Олардың әрқайсысының өз орны бар. Мерейгер табан аудармастан қызмет еткен басқармасында еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау қызметіне ауысқан тұста табысты тұстар азаймады. «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы бойынша өткізілген жарыстарда алдан табылғаны үшін өндірістік филиалдың Құрмет грамоталарымен, дипломдарымен, сондай-ақ, алғыс хаттарымен марапатталды.

«Доссор мұнайына -100 жыл» мерекелік медалі кейіпкеріміздің мақтан тұтқан, орны ерек мерейі. Өйткені медальмен бірге Қазақстан Премьер-министрінің Алғыс хаты қатар ұсынылды. Білікті кадр төменнен бастап өсіп, жоғарылайды деген ұғым ардагердің ойында жылдар бойы жатталғандықтан, ол өзінің күндер емес, жылдар бойы мұнайшылық сатымен жоғары өрлегенін өмірінің мағынасы санайды.

Оның сан мәрте алған наградалары - азаматтың еңбек жөніндегі ұстанымының жанды көрінісі. Ел алдындағы еңбегінің ұмытылмай, құрметпен аталуы деп ол «Ауданның құрметті азаматы» атағын санайды. Еңбегінің зейнетін көріп жүрген азаматты елі «Қазақстан Тәуелсіздігіне -20 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

«Шаңырағым-шаттығым, бақ ордам» деп санайтын Марат Ақтілеуұлы қайда жүрсе де, бірге туған бауырлары мен өз отауын жоғары орынға қояды. Өзімен бірге туған бауырлары Гүлшара мен Гүлнара да жапырағы жайылған әрбір отбасының шырағы, ақылшысы.

Шаңырақтың шаттығы мен берекесін ұйытқан қосағы Әлима Жексенқызы - шәкірттері ұлық деп таныған білікті ұстаз. Ұлдары Аманбегінің ата жолын қуып, мұнайшы атанарына олар бек сенімді.

Отағасы әркез Аманбегі білім алған оқу ордасына құрметпен қарап, балалар болашағына қамқор көңілін сөзбен емес, іспен танытып келеді. Мектепте әкелер кеңесін басқарса, қазір де өлкедегі тарихы тереңдегі мұнай-газ колледжінде ата-аналар кеңесін басқаруды сүйікті ісі деп санайды. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстан ысылған тәжірибелі ардагер мұнда «Қамқор» атты ұйымның белсенді мүшесі.

Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын серік етіп, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындағанда бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмыс орнайды. Доссорлық Шайкөновтер отбасы да осындай жанұялар сапында. Ертеңіне сенімді шаңырақ иелері барша отбасыларға бақытты ғұмыр тілейді.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521