Газетіміздің өткен санында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында достық эстафетасын көршілес Жылыой ауданынан қабылдап алғанымызды жеткізген едік.
Аталмыш эстафетаны қарашаның үшінші жұлдызында аудан әкімі Ш.Кейкин бастаған делегация көршілес Қызылқоға ауданына жеткізді.
Іргелес аудандағы салтанатты шараға сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары А.Шаңғалаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Жұмағалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Халенов, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ш.Ишанғалиев қатынасты.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі мекен тұрғындары меймандарын қарсы алуда қонақжайлықтарынан жаңылмады.
Қазақы нақышпен сәнденген ақ жаулықты аналарымыз ақ ұсынып, тәтті бауырсақтарын тарту етсе, түрлі ұлт өкілдері өз асханаларынан дәм татқызды.
Салтанатты шарада сөз алған Ш.Кейкінұлы ауданымыздың ыстық ықыласын жеткізіп, дүниежүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызына тоқталды.
Ұлт пен ұлыстың ара қатынасын арттыруды көздеген кеш мерекелік концертпен жалғасын тапты.
А.САДЫКОВ