Жастар арасында кеңінен танымалдық алып келе жатқан квест - компьютерлік ойындардың негізгі жанрларының бірі.
Ойын – ойыншының өзі басқаратын интерактивті оқиғадан тұрады. Мұнда айналаны зерттеу арқылы берілген тапсырмаларды орындау әр қатысушыдан ақыл мен білімді қолдануды талап етеді. Мұқият болуға және логиканы дамытуға септігі зор.
Қазан айының 29-ы жұлдызында "Атырау" телеарнасы және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен "Квест" ойыны өткізілді.
Ойынға ауданның намысын қорғауға М.Баймұханов мектебінің тарих пәні мұғалімі Асылболат Жылқыбаев, Х.Санбаев атындағы орта мектебінің бастауыш пәні мұғалімі Аружан Қамзина және аталған мектептің тарих пәні мұғалімі Ақжай Қалиевалардан құралған «Таскешу» командасы қатысты.
Қатысушылар музейге қойылған экспонаттарға байланысты 8 тапсырмаға жауап берді. Осылайша өз ауданының тарихы мен мәдени мұраларын қаншалықты білетіндіктерін көрсетті.
Сондай-ақ, 2 қараша күні Мақат жастар ресурстық орталығы мен аудандық кітапхана бірлесе отырып, "Құпия кітапхана" атты квест ойнатылды. 3 адамнан құрылған "Қылықтылар" және "Атырау" командалары 3 турда бақ сынады. Әрбір турда қатысушыларға арнап дайындалған логикалық сұрақтар, жұмбақтар, өлеңдер және кітаптар жасырылды. Жарыс нәтижесінде, "Атырау" командасы тапқырлықтарымен оза шығып, жеңіске жетті. Әр қатысушы өз талпыныстарына қарай 6 түрлі номинациямен марапатталды.
«Барлығы жоғары деңгейде өтті деген сенімдеміз және ойыншыларға кітапқа деген қызығушылықтарын ояттық деп ойлаймыз», - дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы міндетін уақытша атқарушы А.Есенаманова.
А.ЕСЖАН