Өз ауысымдарында Атырау облыстық жедел жәрдем бөлімінің Доссор бөлімшесінің фельдшерлері Жанаргүл Қонаева және Динара Рысқұлова сирек қайталанатын жағдайға тап болды. Алайда, медицина қызметкерлері абдырамастан, аяғы ауыр әйелді үйінде аман-есен босандырып алды.
Бұл оқиға 5 наурыз күні орын алған. 103 жедел жәрдем қызметінің пультіне сағат 15:43-те жүктіліктің 38-39 аптасындағы әйелдің босана бастағаны туралы қоңырау түскен. Шақыртуға жедел жәрдем бригадасы 15:55-те жетіп, 1992 жылғы толғақтағы әйелді перзентханаға апаруға үлгермейтіндіктерін түсініп, сол жерде босандырып алуға шешім қабылдайды. Барлық қажетті емшараларды орындаған жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби іс-әрекеттерінің нәтижесінде үйде босану сәтті аяқталады. Осылайша, фельдшерлердің көмегімен М. есімді тұрғын төртінші рет ана атанып, дүниеге салмағы – 3 600 кг, бойы – 53 см қыз бала келеді.
Кейін анасы мен нәресте Доссор селолық ауруханасының перзентханасына жеткізілген. Олар бірнеше күн мамандардың бақылауында болып, 9 наурыз күні үйге шығарылды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА