Доссорда жаңа оңалту орталығы ашылды

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесі барысында мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталықтарын көбейтуді тапсырған болатын. Президент жүктеген міндетті іске асыруға асыққан жергілікті билік ерекше  балаларға қолайлы жағдай туғызатын 50 орындық оңалту орталығын ашты.

Бұрын мүмкіндігі шектеулі балалар аудандық аурухананың үшінші қабатында орналасқан күндізгі бөлімшеге барып, қажетті қызметтерін алатын. Індет өршіп, аудандағы эпидемиологиялық ахуал күрделенуіне байланысты ауруханада провизорлық бөлімшелер ашылып, бұл ғимаратқа балалардың кіруі мүмкін болмай қалды. Қызмет көрсету қиындығы пайда болғаннан кейін аудан әкімдігі балаларға қолайлы жағдай туғызу үшін басқа ғимарат іздестірді.

onaltu-4

Осы орайда 2019 жылы пайдалануға берілген Доссор кентіндегі «Қарлығаш» бөбекжай балабақшасы №1 филиалы назарға ілікті. "NCOC" компаниясының демеушілігімен салынған 100 орындық бұл балабақша кенттен алшақ орналасқаны тұрғындарға қиындық туғызып келіп еді. Оның үстіне бөбекжайда былтыр қараша айынан бастап балалардың қатынауы саябырсып, желтоқсан айынан бастап толық жұмысын тоқтатқан болатын.

onaltu-6

Аталмыш балабақшадағы балалардың азаюын ескерген жергілікті билік бұл нысанды оңалту орталығына айналдыруды көздейді. Осылайша балабақшаның 382,6 шаршы метр орынжайына өтеусіз мерзімге келісім шарт жасалып, сәуір айының 21-інен бастап оңалту орталығы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, балабақшаның жұмысы да 15 сәуірден бастап 20 бүлдіршінмен қайта жанданды.  

onaltu-1     

Орталықта балаларға барлық жағдай жасалған, жаңа заманауи құралдармен жабдықталған. Тірек-қимыл қозғалысын қалпына келтіру үшін арнайы қондырғылармен қамтамасыз етілген. Бұл қондырғыда жасалған жаттығулар жүруге қажетті бұлшық еттер мен ми қыртысының дұрыс қалыптасуына көмектесіп, науқастың оңалуына ықпал жасайды.

img_2251

Нысан ем-шаралық, спорттық-музыкалық және өзге де қызмет көрсететін бөлмелермен жабдықталған. Демек, бұл нысан бір жағынан балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға, спортпен шұғылданып, өнерін шыңдауға мүмкіндік беретін демалыс орталығына айналғалы тұр. Сондай-ақ, тынығу және асхана залы бар. Балалар күніге 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. 

onaltu-7 

Орталық кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Атап айтқанда, оған 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер кіреді. Яғни, ем алушыларға әлеуметтік бағытта тұрмыстық, еңбек, медициналық, психологиялық, педагогикалық, экономикалық, құқықтық, мәдени қызметтер көрсетіледі.

Мақат кенті және Бәйгетөбе ауылдық округінде тұратын балаларды оңалту орталығына қатынауы инватакси арқылы жүзеге асып отыр.

Толығырақ газетімізден оқи аласыз!

М.Ізтұрғанова

Cуреттер автордан

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT