Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде облысқа, ауданға танымал ардагер спортшы Аманқос Қуанышұлын еске алуға арналған дзюдодан кіші жасөспірімдер арасында Х ашық республикалық турнир ұйымдастырылды.
Сайыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ринат Ибрагимов, Доссор кентінің әкімі Болат Ермеков, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов, спорт ардагері Табылды Жолмағамбетов, Аманқос Қуанышұлының жары Айсұлу Ізімбергенқызы қатысушыларға сәттілік тіледі. Дүбірлі додаға көршілес Ресей жеріндегі Ингушетия республикасынан және Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облысынан 300-ге жуық жас палуан қатысты. Жалпы 13 команданың 2010-2011 және 2012-2013 жылы туған жас спортшылары 18 салмақ дәрежесі бойынша татами төрінде бар шеберліктерін көрсетті. Ал бұл жарысқа қатысқан ауданның 70 спортшысы өзгеден осал емес екендерін дәлелдеді.
Сайыс нәтижесі бойынша 2012-2013 жылы туғандар арасында М.Мұхит 23 келі салмақта, Ә.Мансұр +46 келі салмақта І орын, И.Айтқали мен М.Айтқали 26 келі салмақта және Л.Төрәлі 35 келі салмақта, Д.Мергенбай +46 келі салмақта ІІ орын, Н.Нұрсәт 23 келі салмақта, П.Кенжебай 35 келі салмақта ІІІ орынға ие болды.
Ал 2010-2011 жылы туғандар арасында М.Самат 30 келі салмақта, Ә.Исалиев 60 келі салмақта І орын, М.Жасұланұлы 30 келі салмақта, Д.Есенжанұлы 38 келі салмақта, Ә.Әбіт 42 келі салмақта, Е.Ұзақбаев 46 келі салмақта, Т.Жұмақұл 55 келі салмақта, А.Бақытжан 60 келі салмақта, П.Жолдығали мен Р.Ерғали +60 келі салмақта ІІ орыннан көрінсе, Э.Мади 38 келі салмақта, Ә.Қуаныш 50 келі салмақта ІІІ орынмен марапатталды.
Осылайша аудан қоржыны төрт алтын, он екі күміс, төрт қола жүлдемен толықты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубокпен марапатталды.
Айта кетейік, Аманқос Өтеуов 1949 жылы Доссор кентінде жұмысшы отбасында дүниеге келген. Кенттегі Абай атындағы орта мектепте білім алған. Алғашқы еңбек жолын Доссор мұнай кәсіпшілігінде слесарь болып бастаған. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп келіп, спорт саласына бет бұрып, бапкерлікпен айналыса бастайды. Ол мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі бола жүріп, спорттың бірнеше түрімен айналысқан. Ауданның спорт саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан Аманқос Өтеуов өмірінің соңына дейін сол кездегі «Доссормұнайгаз» МГӨБ-на қарасты денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары міндетін атқарды. Артында 3 ұл, 2 қызы қалған ардақты әке.
Айта кетейік, аталмыш турнир алғаш рет 2004 жылы өтіп бастаған. Алғашқы жылы самбо күресінен өтсе, 2005 жылдан бүгінгі күнге дейін спорттың дзюдо түрінен өтіп келеді. Бұл жарыстан шыққан балалар бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде ел намысын қорғап жүр.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі