Мақат ауданында батыр, әулие Байбақты Қармысұлының туғанына 200 жыл толуына орай ескерткіш ашылды.
Өңірдегі мұнай компанияларының бірінің демеушілігімен бой көтерген нысанның жалпы биіктігі 10 метр болса, мүсінінің өзі 6 метр. Ескеркіштің макетін суретшілер одағының мүшесі, жылыойлық шебер Серік Мәтениязов дайындаса, сәулетшісі Баянғазы Сәтиев, ал жобалаушы Айнұр Хасанова. Атқа қонған батыр ескерткіші Алматыдағы мүсін жасау цехында құйылған. Ескерткішті аудан әкімі Ринат Ибрагимов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов ашты.
Ашылу рәсімінен кейін қонақтар мен тұрғындар зират басына қозғалып, ата-баба рухына құран бағыштады.
Әрі қарай ақындар мүшәйрасы, кір тасын көтеру, қол күресі, қой көтеру, ләңгі тебу сынды мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Кейін 20 киіз үй тігіліп, қонақтарға ас берілді.
Байбақты Қармысұлы 1823-1916 жылдары Жем өзенінің төменгі сағасы Айранкөл, Шатпакөл деген жерлерде ғұмыр кешкен. 1853-1860 жылдары Маңғыстау, Үстірт, Жем, Елек бойы қазақтарының патшалық Ресейге қарсы көтерілісінде ерекше белсенділік көрсеткен. Өмірінің соңғы кезеңінде молдалық жолға түсіп, тақуа атанған жан.
М.ІЗТҰРҒАНОВА