Ауданымызда Байбақты атаның 200 жылдығы тойланады

(0 Votes)

Өз заманының батыры, әулие Байбақты Қармысұлының мерейтойы 30 қыркүйек күні Доссор кентінен солтүстіккке қарай орналасқан Тасқұдық деген жердегі өзі жатқан зиратының басында атап өтілмек. 

Рухани-мәдени іс-шара алдымен Доссор кентінің іргесіндегі Байбақты ата ескерткішінің ашылуымен басталады. Кейін құрметті қонақтар мен тұрғындар зират басына қарай қозғалады. Ол жерде ата-баба рухына құран бағышталып, әрі қарай мәдени-спорттық шараларға кезек беріледі.

«Мәдени шарада ақындар «Ерлігі елге еленген - Байбақты ата» атты ақындар мүшәйрасында сынға түседі. Ал спорттық сайыстар кір тасын көтеру, қол күресі, қой көтеру, ләңгі тебу бойынша өтеді. Жүлдегерлердің барлығы ұйымдастырушылар атынан ақшалай сыйлыққа ие болмақ. Сонымен қатар ұлттық киім киіп келген қонақтардың арасынан да үздіктері таңдалып, оларға да қаржылай жүлде қарастырылған. Бағдарлама соңы қонақтар мен ағайындарға арналған ас беруге ұласады», - дейді ұйымдастыру алқасының төрағасы Дүйсенбай Кариев.

Байбақты Қармысұлы 1823-1914 жылдары Жем өзенінің төменгі сағасы Айранкөл, Шатпакөл деген жерлерде ғұмыр кешкен. 1853 — 1860 жылдары Маңғыстау, Үстірт, Жем, Елек бойы қазақтарының патшалық Ресейге қарсы көтерілісінде ерекше белсенділік көрсеткен. Өмірінің соңғы кезеңінде молдалық жолға түсіп, тақуалықпен өткізген.

Айта кетейік, Байбақты ата басына дейін әкімдік тарапынан Мақат және Доссор кенттерінен тұрғындар үшін арнайы автобустар жүретін болады.

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT