Тәуелсіздік күніне орай берілген демалыстан кейінгі жұмыс күнінде аудандық әкімдікте ауыс-түйіс орын алды. Аудан әкімінің 2020 жылдың 20 желтоқсанындағы №281 өкімі бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысының міндетін уақытша атқарушы лауазымына Темірбек Кәримоллаұлы Іңірбай тағайындалды.
Аудандағы сала басшылары, аппарат қызметкерлері, кент әкімдері, мәслихат депутаттары қатысқан жиында Шәкір Кейкин жаңа қызметке орналасқан басшыға сәттілік тіледі.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар бөлімінің қызметі - әкімдіктің жұмысын көрсететін бөлім. Себебі жолдардың салынуы, жаңа үйлердің тапсырылуы секілді өзекті мәселелер осы бөлімнің құзырында. Бұған дейін де талай жауапты орындарда қызмет атқарған, ауданымызбен жақсы таныс Темірбек Кәримоллаұлына толықтай сенім артамын», - деді аудан басшысы. Жиынға қатысушылар атынан сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов Шәкір Кейкінұлын толықтай қолдайтындығын білдірді.
Іңірбай Темірбек Кәримоллаұлы 1977 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Алғашқы еңбек жолын 2000 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Жылыой ауданы, Теңіз қалашығындағы «Саян» ЖШС-інде жүк түсіруші болып бастаған.
2003-2009 жылдары Жылыой аудандық жастар, туризм және спорт бөлімінде, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде, денешынықтыру және спорт бөлімінде бас маман;
2009-2011 жылдары Ақтөбе облысының энергетика және коммуналдық шаршуашылық басқармасында бас маман;
2016-2018 жылдары Мақат аудандық тұрғын-үй инспекциясы, Мақат аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшысы болып еңбек еткен.
"МТ"