«Мемлекеттің басты байлығы - адам» десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Сондықтан да жылма-жыл Елбасы да, еліміздің Президенті де барша халыққа салауатты өмір салты мен денсаулықты жақсартуға бағытталған кешенді шаралар алуда. Әйтсе де, бүгінде әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген коронавирус індеті біздің де елімізді айналып өтпей, адамдардан сақтықты талап етіп отыр.
«Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, дауасы табылмаған дерттің біздің елімізде таралып кетпеудің алдын-алуға Президент Қ.Тоқаевтың Үндеуі шығып, елде төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Аталған қауіпті аурудың алдын-алу мақсатында Мақат ауданы әкімінің тікелей басшылығымен өңірлік штаб құрылып, пневмония індеті таралуының алдын алу үшін санитарлық, эпидемиологиялық шараларды күшейту мәселесі пысықталды. Мақат, Доссор кенті, Бәйгетөбе округі елді мекендерде бірқатар жедел локальдық іс-шаралар өткізіліп, қауіпсіздік шаралары талқыланды.
Аудан көлемінде сауда нысандары мен базарларда санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Барлық көпшілік, мерекелік мәдени шаралар өткізілуі тоқтатылып, халық көп жиналатын орындар тізімі анықталып, дезинфекциялық режимге енді. Аты жаман індетті болдырмау үшін уақытпен санаспай, жұмыс жасап жатқан іс басындағы азаматтарға ел разы болып қолдау да көрсетуде.
Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.
«Көптің сөзі киелі» дегендей, біз азаматтық қоғамның жанашырлары, Мақат ауданының кәсіби емес медиаторлары Мемлекет басшысының Үндеуін қолдай отырып, жеке азаматтарды, отбасы мен ата-аналарды рухани жан дүниесі бай, бақытты ұрпақ тәрбиелеуге шақырып, төтенше жағдай режимін қатаң сақтай отырып, жергілікті өкілетті органдардың қызметіне қолдау мен қолғабыс беруге шақырамыз.
Қазіргі таңдағы біздің татулығымыз, береке-бірлігіміз - барлық жеңісіміздің кепілі. Біз бірлесе індетті де жеңеміз.
С.Халенов,
Мақат ауданы медиаторы
Сурет: ашық дереккөз