Жыл сайын 1 мамыр - Бірлік күнінде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Осы атаулы мерекеге орай, Мақат аудандық сот төрағасы Құрмет Орыспайұлы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шаяхмет Боханұлы Доссор кентінің тұрғыны өзге ұлт өкілі Тумиша Окуеваны құттықтап барды.
Аудандық сот төрағасы Құрмет Орыспайұлы өз сөзінде этностардың мүдделерін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының мінсіз сақталуын қамтамасыз ететін бірлікпен татулықтың символы болған мерекенің маңыздылығын айтып өтті.
Сондай-ақ, өзге ұлт өкілі Тумиша Хасанқызына ізгі тілегін жеткізіп, гүл шоқтарын табыс етті.
Айта кетейік, Тумиша Хасанқызының ұлты - шешен. Ол бүгінде жолдасы Сайлау Өтемісовпен 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отыр. Қазақ отбасының келіні. Ол өз кезегінде мерекемен құттықтап келген жандарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Өз тілшіміз