Бүгінгі күннің батырлары

суреттер автордікі
(0 Votes)

Қоғам тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр әрі абыройлы міндет. Бүгінгі кейіпкеріміз – дәл осындай жауапкершілікті арқалап жүрген мамандар. Олар от пен қауіптің ортасында жүріп, адам өмірін сақтап қалу үшін жан аямай күресетін өрт сөндірушілер мен төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері. 

Мақат ауданында 1991 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан төтенше жағдайлар бөлімі мен №8 өрт сөндіру бөлімі бар. Бөлімде бүгінде 34 қызметкер жұмыс істейді және 4 арнайы техникамен жабдықталған. Бұл – қауіпті сәттерде батылдық танытып, санаулы минутта шешім қабылдай білетін тәжірибелі құрам.

Ал бүгінгі «Маманмен бір күн» айдарының басты кейіпкері – жас та болса бас болып жүрген, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Ернар Сансызбай.

Таңсәріден жұмысқа келген Ернар Қайратұлы күнделікті қызметіне бірден кіріседі. Құтқарушының бір күні – қарапайым адам үшін беймәлім әрі тосынға толы. Таңғы сағат 08:30-да қару-жарақты қабылдаудан басталатын бұл жұмыс тәртібі – кезекшілікті тапсыру мен қабылдаудың маңызды сәті. Одан кейін бірден оқу-жаттығу жұмыстары басталады. Таңғы сағат 9:00-де сапқа тұрып, күн тәртібімен танысу, жабдықтарды тексеру – олардың күнделікті дағдысы. Арнайы жаттығулар мен нұсқаулық жұмыстар да үздіксіз жүргізіледі.

Бұл – төтенше жағдай туындағанда әрбір секундтың құнын білетін мамандар үшін ауадай қажет дайындық.Өйткені құтқарушылар әрдайым білімін жетілдіріп, дағдыларын шыңдап отыруы тиіс. Сол себепті арнайы жаттығулар мен нұсқаулықтар үнемі өткізіліп отырады.

Бұл аралықта Ернар Қайратұлы үш бірдей сабаққа қатысып, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап, кез келген жағдайға сақадай сай екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп, техникалық, нормативтік тұрғыдан білімін жетілдірді.

«Күнделікті жұмысқа келген уақытта біліктілігімізді арттыру үшін құтқару қызметіндегі басшылар Еркебұлан Тасқайыров, Бекнар Сансызбай жаттығу сабағын өткізеді. Бұл біздің кез келген төтенше жағдайға даяр болуымызға үлкен көмегін тигізеді. Себебі бұл жерде сабақтар тек теориялық негізде емес, практикалық тұрғыда да іске асады»,-дейді Ернар Қайратұлы. Сабақтан кейін құтқарушылар 11:45–12:45 аралығында дене даярлығын арттыру мен нормативтер орындауға кіріседі. Бұл – кез келген төтенше жағдайға дайын болудың бірден-бір жолы. «Дененің физикалық күйі құтқарушы үшін өте маңызды. Сондықтан нормативке сай болу керекпіз. Күнделікті үздіксіз дененің шымырлығы мен қалпын сақтау үшін арнайы нормативтер тапсырамыз. Бізге дабыл түскен сәтте біз физикалық жағдайымыз сақадай сай болу керек»,-дейді маман.

Әрі қарай түскі үзіліс уақыты орнады. Барлық мамандар түскі үзіліске шығып, тамақтануға уақыт берілді. Түскі үзілістен соң, 13:00–14:00 аралығында жаттығу уақыты, ал 14:00–15:00-де газ түтіннен қорғау қызметі бойынша нормативтер мен міндеттер орындалады. 15:00–16:00-де жеке құрамның киім-кешек, құрал-сайман тазалығы мен жөндеу жұмыстарына арналған уақыт бөлінген. Бұл – техника мен құралдың әрдайым жарамды болуын қамтамасыз етеді. Осы сәтте құтқарушы жұмысының нағыз қызық сәті басталды. Өрт сөндірушінің кәсіби дайындығымен қатар, техникалық жарақтың да маңызы зор.

Қазіргі таңда Мақат ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде тілсіз жауға қарсы күресте пайдаланылатын құралдардың түр-түрі бар. Солардың ішінен ең жиі қолданылатындарын атап өтсек: Алдымен мамандар жылыту шағылыстырғыш костюм (ТОК-200) – жоғары температура жағдайында жұмыс істеуге арналған қорғаныш киімін киді. Кейін тұтқиылдан тілсіз жау тап берсе қолданылатын арнайы құралдар мен техникалардың жарамдылығы тексерілді. Бұл ретте кейіпкеріміз бізге таңсық болған құрал-жабдықтармен таныстырып, қай кезде қалай қолдану қажеттігін егжей-тегжей түсіндіріп өтті.

«Құрал-жабдықтарды таныстыруды өрт балтасынан бастайын. Бұл құтқарушы үшін маңызды құрал. Өрт балтасы арқылы біз кедергілерді бұзып, жол ашуға мүмкіндік аламыз. Келесі бізде шабуыл сатысы, аталмыш сатымен терезе, балкон арқылы нысанға енуге арналған»,-деді Ернар Сансызбай.

Осы сәтте нормативке сай уақыт іске қосылып, құтқарушылар қас қағым сәтте шабуыл сатысы арқылы биіктікке өрмелеп, өздерінің кәсіби шеберлігін арттырды. Көзді ашып-жұмғанша сатыға өрмелеген құтқарушылар кез келген төтенше жағдайға дайындығын осылайша тағы бір мәрте пысықтады. Сондай-ақ үш иінді жылжымалы сатысы арқылы да құтқарушылар қысқа уақыт аралығында биікке өрмеледі. Аталмыш жылжымалы саты – көп қабатты үйлерге көтерілуге мүмкіндік береді.

«Келесі бізде құтқару арқаны, өрт колонкасы, жең қысқышы, су жинағыш, су мен лайды соруға арналған гидроэлеватор, өрт жеңдерін ілетін ілмектер, өрт сөндіру оқпандары төтенше жағдай кезінде ең қажетті деген құрал-саймандар. Міне, осындай жабдықтар мен техника өрт сөндірушілердің жұмысын жылдам әрі тиімді етуге сеп болады. Әрбір құралдың өз орны, нақты міндеті бар»,-деп сала маманы қысқаша таныстырып өтті. Үлкен тәжірибелік оқу-жаттығудан кейін кейіпкеріміз төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Ернар Сансызбайдың лауазымдық қызметіне сай аудан тұрғындарымен оқыс оқиғаларға қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге аттандық. «Жалпы қызметім халықпен тығыз байланысты. Біз тек төтенше жағдай кезінде ғана емес, оның алдын алу шараларын да ұйымдастырамыз. Мәселен қазір аптап ыстықта суға шомылу, дала өрті, тоқтардың қысқа тұйықталуы сияқты оқыс оқиғалардың алдын алу үшін арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз»,-дейді Ернар Қайратұлы.

Бірнеше мекемелер мен ғимараттарды аралап жүріп, кейіпкерімізден аталмыш саланы қалай таңдағандығы туралы сұрап үлгердік.

«Жалпы құтқарушы мамандығы аса қырағылықты талап ететін сала. Өзім осы мұнайлы өлкеде туып-өсіп, Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінде, Х.Санбаев атындағы орта мектебінде оқып, кейіннен қалалық ұлттық гимназияда да оқыдым. Есімде 11 сыныпта мамандық таңдар тұста мектепке Көкшетау қаласынан төтенше жағдайлар институтынан бір топ сала өкілдері келіп, бізге аталмыш оқу орнының мүмкіндіктері мен мамандықтың қыр-сырын таныстырған болатын. Сол сәттен бастап құтқарушы мамандығына деген қызығушылық пайда болды. Кейіннен барша түлектер сынды Ұлттық біліктілік тестінен өтіп, нормативтік сынақ тапсырып, оқуға қабылдандым. Ал 2 курстан бастап, ұтқырлықпен шетелде білім алуға болатындығы туралы хабарды естіп, бағымды сынап көрдім. Осылайша сынақтан өтіп, Ресей мемлекетіндегі Мәскеу төтенше жағдайлар институтына оқуға қабылдандым. Оқуды үздік аяқтаған сәттен бастап, туған жеріме оралып, ел игілігі үшін аянбай қызмет етудемін»,-деді Ернар.

Міне, осылайша түсіндірме жұмыстарын жүргізе жүріп, көлік ішінде кейіпкеріміздің кездейсоқ бұл саланы таңдамай, жылдар бойы білімі мен біліктілігін арттыру жолында күш салған жас болса да хас маман екендігіне көз жеткіздік. Оқуды аяқтаған сәттен-ақ білікті маман жұмысын қарауыл бастығы болып бастаған кейіпкеріміз қазіргі аға-инженер лауазымының тағы бір қызметімен таныстырды.

«Лауазымдық қызметімнің тағы бір бөлігі- мекемелер мен жеке ғимараттардың өрт қауіпсіздігін тексеру болып табылады. Тексеріс жұмыстары облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұмыс жоспарына сай жасақталады. Тиісінше бізге хат жолданып, тізімде көрсетілген мекемелерге тексеріс жасаймыз. Олқылықтарды анықтаған жағдайда бір реттік ескерту, кейін заң аясында жаза қолдану, айыппұл салу сияқты жұмыстарды іске асырамыз», -дейді маман.

Әрмен қарай сағат тілі кешкі 18:00 көрсеткен тұста дене дайындығын арттыру мақсатында кейіпкерімізбен бірге спорт алаңына қарай жол тарттық.

«Құтқарушы маманына физикалық белсенділік маңызды. Сондықтан әріптестерімізбен бірге арнайы спорт алаңына келіп, денемізді шынықтырып, футбол, волейбол ойнаймыз»,-деді Ернар Қайратұлы.

Денелерін шынықтырып, бір серпіліп алған мамандар бөлімге барып, қызметтерін аяқтады Ал түнгі ауысымға қалатын мамандар кешкі ас уақыты жақындағасын асханаға барып, кешкі астарын ішті. Ал сағат тілі 20:00-де бөлім бойынша өрт сөндіру көлігі мен құрал-жабдықтарды тексеріп, дайындықты пысықтау жұмыстары жүргізіледі. Ары қарай түнгі кезекшілікке қалатын мамандар күн тәртібіне сай өз қызметтерін атқара береді екен. Қуантарлығы, біз маманмен бір күн айдарын жүргізген уақытта ауданда ешқандай төтенше жағдай орын алмады. Десе де біз кейіпкеріміз Ернар Қайратұлынан өз тәжірибесі кезіндегі оқыс оқиғаларды сұрап білген болатынбыз. Қызметке келгеніме көп уақыт болмаса да бірнеше төтенше жағдайларды бастан өткердік. Әрбір оқыс оқиғадағы біздің басты борышымыз – адам өміріне араша болу. Құтқару қызметінің маманы болғасын өрт те, су да, жол-көлік оқиғасының бел ортасынан табылып жатамыз. Тәжірибемде қалған ірі оқиғалардың бірі – Доссор кентіндегі «Айгүл» базарының өртке орануы еді. 2023 жылы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне телефон арқылы өрт дерегі келіп түсті. Тиісінше әріптестеріммен бірге жедел түрде оқиға орнынан табылып, 3 сағатта тілсіз жауды өшірдік. Дер кезінде қызыл жалынның шығу себебі анықталып, заң аясында шаралар қолданылды. Қуантарлығы, адам шығыны болмады»,-деді маман.

Иә, сақтықта қорлық жоқ! Тілсіз жаудың қай сәтте тап берері беймәлім. Десе де тоқтың тұйықталуына себеп болған қызыл жалын мамандардың қырағылығының арқасында дер кезінде ауыздықталған. «Есімде тағы бір ірі өрттің бірі өткен 2024 жылы Мақат-Ақтөбе тас жолында орын алды. Мақта тиеген фура тілсіз жаудың шырмауына түсті. Бөлімге қоңырау түсіп, дабыл қағылған сәтте әріптестерім Нұрсұлтан Сәлімжанов, Айдар Ғалымжановпен бірге оқиға орнына жедел аттандық. Қызыл жалынмен 12 сағат бойы алысып, өртті сөндірдік. Бұл оқиға да адам шығынынсыз болды. Тек жеке кәсіпкер тауардың жанып кетуіне байланысты шығынға ұшырады»,-деді Ернар Сансызбай.

Одан бөлек құтқарушылар тек қана өрт кезінде ғана емес, жол-көлік оқиғалары кезінде де қызмет көрсетуге даяр. Егер апат кезінде көлік ішінде жолаушылар қысылып қалса, құтқарушылар оқиға орнынан табылып, арнайы техника арқылы адам денелерін сыртқа шығарады екен.

«Бірде бөлімге Мақат-Ақтөбе жолында жол-көлік оқиғасының орын алғандығы туралы қоңырау келіп түсті. Біз оқиға орнына келген тұста көлік ішіндегі жолаушылардың бәрі мерт болған екен. Біз қызметімізге сәйкес көлік ішінде қысылып қалған адам мүрделерін техникаларды іске қосу арқылы алып шықтық. Қанша қиын болса да бұл біздің қызметіміздің жауапты бір қыры»,-деді кейіпкеріміз.

Бір күндік кестеге көз жүгірткеннің өзінде бұл қызметтің қаншалықты тәртіпті, жан-жақты дайындықты талап ететіні айқын аңғарылады. Құтқарушылар тек өрт сөндіріп қана қоймай, үздіксіз оқитын, машықтанатын, дайындалатын, қай уақытта да көмекке ұмтылатын жандар. Олар үшін әр күн – сынақ. Әр күн – ерлікке дайын болу. Кез келген шақыртуға санаулы минутта жиналу – бөлімшедегі тәртіптің қатаң сақталуының белгісі. Алғашқы көмек көрсету, зардап шеккендерді құтқару, тілсіз жаумен арпалысу – мұның бәрі олар үшін қалыпты жұмыс. Тіпті мереке, демалыс, түн – өрт сөндіруші үшін бәрібір. Қашан да шақыртуға дайын. Әрбіріміздің қауіпсіздігіміз үшін күн-түн демей қызмет ететін өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмысы сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Алайда бұл қызметтің әр сағаты, әр минуты нақты жоспармен өрбитіні, тәртіп пен жауапкершілікті талап ететіні анық. Өртке қарсы қызмет бөлімдеріндегі күн тәртібі – соның айғағы.

Иә, бұл – өмірін қауіп пен қауіпсіздік арасындағы шекараға арнаған мамандық. Оттың ортасында жүріп амандық тілейтін, өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тігетін ерлер еңбегі қандай құрметке де лайық!

Ж.Қамза

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT