Баспасөзге жазылу басталды

(0 Votes)

Мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытуда баспасөздің үлесі мол екендігі баршаға аян. Осы ретте «Қазпошта» АҚ аудандық филиалында 2024 жылға баспасөзге жазылу науқанының басталуына орай ашық есік күні ұйымдастырылды. 

Мұндағы мақсат — тұрғындардың басылымға жазылу белсенділігін арттыру, елімізде шығатын газет-журналдарды насихаттау, қазпошта қызметтерін көрсету болды. Шара аясында басылымдарға жазылым жүргізіліп, пошташылар лотерея ойынын өткізіп, келушілерге арнайы фуршет дайындады. Келген қонақтар да жылы лебіздерін арнап, мәре-сәре болды.

«Жыл сайын басылымдарға жазылу науқанын «Ашық есік» күнін өткізуден бастаймыз. Оқырмандарды осылайша қызықтырып, науқанға атсалысуға шақырамыз. Жалпы, басылымдар мен бұқараны байланыстыратын «Қазпошта» АҚ қызметкерлерінің негізгі міндеті — елімізде шығатын газет-журналдарға жазылуды насихаттау, жаздыру және оны оқырманға жеткізу. Баспасөз өнімдерін дер кезінде оқырмандар қолына алуы үшін біздің тарапымыздан қажетті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бір пошташының өзі бір күнде 100-ден аса газеттер, 10-ға жуық хаттар мен сәлемдемелерді межелеген жеріне жеткізеді.

Айта кетейін, жазылуға кеңес беріп отырған газеттер – нақты дерек көздерінен алынып, шынайы ақпарат жариялайтын газеттер. Сондай-ақ өңірде болып жатқан мәселелерден хабардар болу үшін, оқырмандарды жергілікті газетке жазылуға шақырамыз»,- дейді аудандық пошта байланыс торабы мекемесінің басшысы Әсел Әмірбекова.

Бүгінде Қазақстан поштасы «Қазпошта» АҚ атағына ауысқалы 30 жыл толып отыр. Осыған орай бірқатар шаралар ұйымдастырылып, мерей тойы аталып өткен болатын. Осы ретте аудандық пошта байланыс торабы мекемесінің басшысы Әсел Әмірбекова мекеме 30 жыл аралығында үздіксіз қызмет етіп келетіндігін айтып, оның қызметтеріне тоқталып өтті.

«Жалпы «Қазпошта» қызметін пошталық, қаржылық, агеттік секілді үш бағытта жүргізеді. Осы бағытта үлкен жетістіктерге жетіп, көптеген өзгерістерден өттік деп айта аламын. Себебі бүгінгі таңда барлық жұмыстар электрондық жүйеге ауысты. Бір сөзбен айтқанда, «Қазпошта» көпфункционалды және заманауи компанияға айналды. Қазақстанның бәсекелестік нарығына және халықаралық пошта қауымдастығына интеграцияланады. Біз күрделі тарихи және қиын қыстау кездерде жұмысымызды тоқтатпайтынымызды дәлелдедік. Біз әрқашан халықтың қасынан табыламыз»,- дейді ол.

 

Ә.ҚАСЫМ

Суреттер автордікі

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT