Жаңа жылдағы «Мақат маңайынан...» айдарының кезекті кейіпкері мұнайлы мекенде туып өсіп, арман қала Астанада табысты еңбек етіп жүрген Әділет Талғатов.
Ол 2001 жылы қойнауы құтқа толы Мақатта өңірінде дүниеге келген.
Кейіпкеріміздің тегіне үңілетін болсақ, өлкемізден хабары бар оқырман түсінетіндей Ауған асуында от кешкен ардагер Талғат Қанапиевтің баласы.
Бейбіт өмір үшін күрескен батырдың ұрпағы ұлағатты әкеден тәлім-тәрбие алып өскен. Үш әпкесінің соңынан ерген шаңырақтың атқамінері бала кезінен елгезектігімен көпті таңдай қақтырған.
Кейіпкеріміз алғаш мектеп табалдырығын сан қыранды самғатқан Х.Санбаев атындағы орта мектебінде аттап, білім алған.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, білім мен спортты жанына серік еткен Әділет қай салда болмасын толағай табыстарға жеткен. «Мектептен кейін спорт үйірмелеріне қатысып, уақытымды тиімді өткізгенді ұнататынмын. Сөйтіп спорт мектебіне бардым. Түрлі спорт үйірмелерінің ішінен дзюдо спортын жаныма серік еттім. Жаттықтырушым Ерлан ағайдың талапшылдығының арқасында біраз жетістіктерге жетіп, республикалық деңгейдегі жарыстардан жүлдегер болдым» , - дейді кейіпкеріміз.
Әр баланың белгілі бір салаға деген құштарлығы мен икемі болашақта сол бағытақа қарай жол сілтейтіндігі анық. Кейіпкеріміз Әділет те мектеп кезінен-ақ өзінің келешектегі мамандығына деген нық қадамдарды жасай бастаған. Заман талабына сай мамандықты меңгеруді ойлаған ол жастайынан компьютердің құлағында ойнап, түрлі бағдарламаларды бірден игеріп алған. Осылайша ол бүгінгі мамандығына бастар жолдың баспалдағын басты.
Сөйтіп 2018 жылы Ару қала Астанаға арман қуып келіп, Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығынына оқуға түседі.
«Студенттік өмір адам өмірінің ең қызықты кезеңі. Алақандай ғана жерден алпауыт Астанаға келген сәтте бәрі таңсық болды. Бірақ бәріне біртіндеп үйреніп кеттік. Қазір осы қаладан кеткім келмейді»,- дейді Әділет.
Университет қабырғасында жүріп, студенттік өмірін белсенді өткізуді көздеген ол дебат үйірмесінің мүшесі болған. Сабағы мен қызығушылығын қатар алып жүріп, спорттан да қол үзбеген. Соның нәтижесінде екінші курста грэплинг спорт түрінен спорт шеберіне үміткер болып, тартысты додаларда бақ сынаған.
Көзді ашып жұмғанша төрт жыл уақыт та зымырап өтіп, дипломын қолына алған кейіпкеріміз әрі қарай да оқуын жалғастыруды ойлайды.
Дегеніне жетпей қоймайтын мінезінің арқасында Әділет «Astana International University» жоғарғы оқу орнына «Информатика педогогика» пәні бойынша магистратураға оқуға түседі.
«Қазіргі заман – ақпараттық технологияның дамыған заманы. Сондықтан барынша сұранысқа сай мамандықтарды игеру керекпіз деп ойлаймын. Информатика яғни IT саласы елімізде жаңадан дамып келе жатқан сала. Осы саланы таңдау арқылы менде мемлекетімізде кенже қалған бағыттың жаңа мүмкіндіктерін ашқым келеді» - дейді мамандығын сүйетін кейіпкеріміз.
Екі жылдық оқуын аяқтаған ол 2024 жылы аталмыш мамандық бойынша магистр дәрежесін алып шығады.
Өз білімін ғылыми тұрғыдан дамытқан Әділет келесі кезекте теориялық білімін практикалық тұрғыдан пайдаланудың мезгілі жеткендігін түсінеді. Сөйтіп алғашқы еңбек жолын өзі білім алған университет қабырғасынан бастайды. Өзімен бірдей студенттерге білім бере жүріп, ақпараттық саласының шексіз мүмкіндіктеріне қол жеткізеді.
«Білім беру – жауапты іс. Бұл жерде мұлт кетуге болмайды. Өйткені, алдымызда отырған әрбір білім алушының оқуға деген қызығушылғы мен құлшынысын ояту ұстазға тікелей байланысты. Өзім жас болғасын, білім алушы студенттердің де талап-түсініктерін бірден түсінемін. Осылайша бұл менің студенттеріммен тез тіл табысуыма жол ашты» - дейді ол.
Жас та болсын бас болып жүрген кейіпкеріміз тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесінде AIU университетінің тәрбие ісі жөнінде департаментте қоғамдық іс - шара ұйымдастыру менеджері, жатақхана менеджері және департаменттің медиа саласында қызмет атқарған. Осылайша ол студенттерге білім бере жүріп, ұйымдастыру жұмыстарында үздік қырымен танылды.
Ал 2023 - 2024 жылы оқу жылында ректордың тәрбие ісі жөнінде департамент директоры лауазымына тағайындалған.
Жауапты қызметті атқара жүріп, уақытын тиімді өткізуді ойлаған кейіпкеріміз бүгінде «Modern Teacher Аcademy» болашақ мұғалімдерді дайындау жобасында еңбек етіп жүр.
«Астана – мүмкіндіктерге толы қала. Осы қалаға келіп, екінші бір тынысым ашылғандай болды. Осы жерде білім алып, бүгінде болашақ жас мамандарды оқытуда еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын» ,- дейді бас қалада бас маман болып жүрген кейіпкеріміз.
Иә, мұнайлы толы мекенде дүниеге келіп, бүгінде ел астанасында жауапты қызмет атқарып жүрген Әділет болашақта елімізде ақпаратттық IT саласын дамыту алға қарай жылжыту үшін барымды саламын дейді. Бізде жерлесіміздің болашақта толағай жетістіктерге жетіп, еліміздің білім мен ғылым саласының өркендеуіне үлес қосатындығына сеніміміз мол!
Ж.ҚАМЗА