Бәйгетөбеліктер мосыағаш үрдісін қайта жандандырмақ

(0 Votes)

Бұлақ көздері бітеліп, өзен арналары тасуды қойғалы жайылымдық жерлер тек жауын-шашынға тәуелді болып тұр. Дәл осындай халді кешіп отырғандардың бірі - Бәйгетөбе ауылы.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша іргедегі Сағыз өзенінің тасымағанына 20 жылға жуықтаған. Оның үстіне бұрынғыдай қар да қалың емес. Ал, ауылда мал басы артып келеді. Содан ба әйтеуір суға қатысты, жауын-шашынға қатысты қандай да бір хабар тараса ауыл тұрғындары елең ете түседі. Округ әкімі Қоныс Шапайұлы жақында әлеуметтік желіден қызықты бейнені көзі шалғанын айтады. Мұқият мән берген адамға бейнежазбада айтылған әңгіменің "жаны бардай". "Естеріңізде ме? Бұрындары әр ауылдың биік нүктесінде  әр жерден қылтиып мосыағаштар тұрушы еді ғой. Сол мосыағаштардың бәрін қайтадан жандандырсақ, бұрынғыдай жауын-шашынның түсуі мол болады. Ол - жердің ылғалы темірінің ұшына дейін келіп тұратын арнайы құрылғы. Әлгі темірдің төбесінен өтіп бара жатқан қандай да бір бұлт болмасын, міндетті түрде жаумай кетпейді. Тек, 50-60 сантиметрде орналасқан түбіндегі темірді жақсылап тазартып, жаңадан сым орап, жердің бетіне 6 метрге дейін көтеріп қою керек",-делінген әлгі бейне жазбада. Ал, келесі адам дәл осындай мосыағашы бар жерді мекендеп отырғанын, ол жерде көршілес ауылдарға қарағанда  жауынның жиі жауатынын айтады.

img_5052

Бұл хабардың физикалық заңдылықтарға қатысы бар-жоғын қайдам, әйтеуір ауыл әкімі әлгі хабардан кейін қарап отыра алмапты. Дереу бәйгетөбенің іргесіндегі мосыағаштардың мән-жайын, байырғы орналасқан жерін білетін ауыл ақсақалдарын жинап іске кірісті. Бүгінде тоналып, тек түбірі қалған мосыағаштардың орынын анықтауға округ басшысына ілесіп, ауыл тұрғыны Орынбасар Әли қариямен бірге біз де аттандық. Орынбасар атаның айтуынша Бәйгетөбе бетінде мұндай мосыағаштардың саны төртеу. Көненің көзіндей болған қариямыз қалың топырақтың астында құмығып жатқан мосылардың орынын көзін жұмып тұрып тауып алды. Әкім бол - халқыңа жақын бол демеуші ме еді. Қоныс Шапайұлы мосыағаштың орнын көре сала білегін сыбанып тұрып,  қазына тапқандай қуанысып жерді күрекпен өзі қаза жөнелді. Міне, мосыағаштардың ізі анықталды, орыны табылды. Енді ел болып бірігіп, төбелердің басына қайта тіктеу керек.

img_5035

Жауын жиі жауып, жеріміздің ырысы молайса, еліміздің де ырысы ортаймайтыны анық. Мал азығының бағасы жыл өткен сайын шарықтап тұрған сәтте, қолды қусырып отқан жарамас. Әрекетке беркет деген бар емес пе?! Бәлкім бәйгетөбеліктердің бұл бастамасы расымен де жауынның молаюына ықпалын тигізер. Амалдар ниетке байланысты делінген қасиетті хадис шәріпте. Ендеше ақ адал ниеттеріңізден туындағалы жатқан амалдарыңызды қайырлы қылғай! 


А.САДЫҚОВ,

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT