Тоғыз торап бойындағы стансалар арасындағы жол қозғалыс қауіпсіздігін сақтап, теплавоздарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу Мақат «Қамқор Локоматив» ЖШС сервистік орталығына жүктелген. Қазір мұнда екі жүзге жуық адам жұмыс істейді. Ауыр да, күрделі іс шыдамдылық пен үлкен жауапкершілікті талап етсе де, мұнда еңбекті сүйген сұлулар да ерлермен қатар қызмет атқаруда.
Солардың бірі қызу жұмыстың бел ортасында жүрген еңбекті жоспарлау бөлімінің технигі Гүлнар Сақтағанова. Ол 42 жыл теміржол саласында тер төгіп келеді.
Нәзік болмысына намысқойлығы қатар біткен Гүлнар Асқарқызы ауданның тыныс-тіршілігі үшін пойыздың үздіксіз жүріп-тұруына жауап беретін маңызды саланы алға жылжытуға қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болуда. Абзал жан ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына да өлшеусіз үлес қосуда. Қай мезгілдің болмасын ыстық-суығына төтеп, күн-түн деместен ел абыройы мен ризығын молайтуға атсалысып жүр.
Жүрегі кең, адамгершілігі мол еңбеккерді жанындағы әріптестері де ерекше ықыласпен құрметтейді. Ол еңбек жолын алғаш 1981 жылы таспа-талдаушы қызметінен бастап, кейін еселі ісімен көзге түсіп, есеп тобының операторы, телегравшы, инженер-технолог мамандар бөлімінің маманы болып қызмет атқарған. Ал бүгінгі техник қызметіне кіріскеніне төрт жылға жуық уақыт болыпты. Оның негізгі қызметі – теплавоз жөндеушілердің еңбегін бағалап, уақытын есептеу.
Гүлнар Асқарқызы 1963 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. 1980 жылы Л.Шахатов атындағы он жылдық мектебін аяқтағаннан кейін бірден еңбекке араласқан. Ал машықтанған мамандығын алты жылдан кейін игереді. 1986-1988 жылдары Гурьев теміржол көлігі техникумында техник мамандығын сырттай оқиды. Кейін 2005 жылы білімін жоғарылатып, Қазақстан көлік және коммуникация академиясында «инженер-электрик» мамандығын алып шығады.
«Теміржолда темірдей тәртіп бұрыннан қалыптасқан. Алғашқы кезде үйренісе алмадым. Кейін аға буын өкілдері жұмыс ережелерін көрсетіп, бар білгендерімен бөлісті. Осы еңбекке баулыған тәлімгерлеріме алғысым шексіз», – дейді Гүлнар Асқарқызы.
18 жасында именіп кірген орынның бүгінде мақтаулы маманы, үлгілі жұмысшысы атанған Гүлнар Сақтағанова келесі жылы зейнеткерлік демалысқа қалмақ.
Ал экономиканың күретамыры саналатын сала тамырына қан жіберіп отырған, абыройы асқақ орындағы темір тәртіпке үйренген өзі секілді нәзік жандылар алдағы уақытта да өз үлестерімен теміржолдың одан әрі серпіліс алуына атсалысатындарына бек сенімді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
#EnbekEri