Елімізде соңғы уақытта дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – стритбол. Бұл ойынның баскетболдан айырмашылығы алаңда әр командадан 3 ойыншы болады да, олар бір себетке доп салып жарысады.
Аптаның сейсенбісінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай стритболдан мекемелер арасында аудандық турнир өтті. Спорттың бұқаралығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен жарыстың ашылу салтанатында жиналғандарға алдымен барлық қатысушылар таныстырылды. Атап айтар болсақ, Б.Қанатбаев атындағы орта мектептен екі команда және С.Шарипов атындағы мектеп интернаты, О.Сарғұнанов атындағы орта мектебі, М.Баймаұханов атындағы орта мектебі, Х.Санбаев атындағы орта мектебі, «Атырау Жарық» АҚ филиалы, Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Мақат стансасы, Мақат Қазтелерадио, «ТТТ сервис» ЖШС, ШЧ-9 мекемелерінің намысын қорғаған командалар жарыстың көркін қыздыруды мақсат қылды.
Алғы сөзді сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин және спорт шебері Талас Байғұршимов пен ауған соғысының ардагері Оңғарбай Исқақов қатысушыларға сәттілік тілеп, баскетбол торына доп лақытыру мүмкіндігіне ие болды.
Кейін жалғасын тапқан турнир нәтижесінде бірінші орынды Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің негізгі командасы, екінші орынды «Атырау Жарық» АҚ мекемесі, үшінші орынды С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының құрамасы иеленді.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполовтың қолынан кубок, медаль, алғыс хаттармен марапатталды.
А.Есжан