Ауданда шайбалы хоккей және шаңғы тебуден жарыс өтті

(0 Votes)

Биыл қардың мол түсуі ауданымызда қысқы спорт түрлерінің жандануына септігін тигізді. Өткен демалыс күндері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шайбалы хоккей және шаңғы тебуден аудандық жарыс өткен болатын. Бұл аудан тарихындағы қысқы спорт түрлерінен өткізіліп тұрған алғашқы жарыс болды.

Өңірде қысқы спорт түрлерін дамыту және бұқаралық сипат беру мақсатында өткізілген жарысқа барлығы 60-тан астам әуесқой спортшы тартылды. Арнайы дайындалған мұз алаңында ұйымдастырылған шайбалы хоккей жарысанда 6 команда қатысып, күш сынасты. Жылдамдық пен ептілікті қажет ететін бұл жарыста Мешіт, Доссор, Станция, Еркін, М.Баймұханов атындағы орта мектебі және Жастар командалары мұзда әдемі және серпінді спорттық ойын көрсетті. Командаларға қажетті спорттық киімдер мен қажетті құралдар ұйымдастырушылар тарапынан қамтамасыз етілді.

Турнирге қатысушылар шайбаны таяқшаларымен бір-біріне белсенді түрде тапсыра отырып, оны мүмкіндігінше жиі қақпаға лақтырып, сонымен бірге өз аумағына гол жібермеуге тырысты. Мақат кентінің тұрғындарынан құралған «Еркін» командасы спорттық шеберлігінің арқасында жеңіске қол жеткізіп, жарыс жеңімпазы атанды. Ал екінші орын «Станция» командасына бұйырса, үшінші орынды «М.Баймұханов атындағы орта мектебі» командасы місе тұтты.

Сықырлаған сары аязға қарамай шаңғы тебу жарысы да көңілді өтті. Мұнда 15 үміткер қатысып, өзара сынға түсті. Сол күні бет қаратпай, жапалақтап жауған қарға қарамастан шаңғышылар аянып қалмады. Бұл жарыста Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Аманжол Құлсариев сергектігін көрсетіп, мәре сызығын бірінші боп бағындырды. Оның соңын ала келген Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс жаттықтырушысы Сәндібек Сақтанов екінші орынды иеленді. Ал үшінші орынға Мақат техникалық қызмет көрсету пунктінің аға вагон қараушысы Әсет Әлиев ие болды. Сондай-ақ, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанабек Есенбеков «Жеңіске деген жігер үшін» аталымымен марапатталды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов кубок, медаль және дипломдармен марапаттап, қысқы спорт түрлерінен өткен жарыс енді жыл сайын дәстүрлі түрде өтетінін жеткізді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT