Аптаның сәрсенбісінде Мақат кентінде 25 қазан Республика күні мерекесіне орай спорт сүйер қауым арасында жаппай жүгіруден аудандық марафон өтті.
Марафонның шымылдығы алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды.
Одан әрі сөз алған аудан әкімі Азамат Мәмбетов бұл спорттық іс-шара ең алдымен, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізіліп жатқандығын атап өтіп, марафонға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш марафон «Аманат» партиясы ғимараты мен Мақат желілік-өндірістік басқарамасы мекемесі аралығындағы автокөлік жолында өтті.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты бақ сынап, үздік нәтиже көрсете білді. Нәтижесінде 40 жастан жоғары әйелдер арасында Нұржауған Ізбасова ІІ орынды, Света Қадырбаева І орынды иеленді.
Ал 16-39 жас аралығындағы әйелдер арасында Арай Құмар ІІІ орынға, Арайлым Жұмажанқызы ІІ орынға, Қарақат Жолдас І орынға ие болды.
Сондай-ақ, 16-45 жас аралығындағы ерлер арасында Амангелді Қобдабаев ІІІ орынды, Парасат Құлмұханов ІІ орынды, Аманжол Құлсариев І орынды өзара бөлісті.
Тартысты шара барысында марафонның ең үлкен қатысушылары Марат Нұрмақов, Сағидолла Балпейсов, Байғали Сарсенбаев, Наурыз Бөлекбаев және жеңіске деген жігері үшін Еркін Мұхамбетжан, Қоныс Төлеуов аудан әкімінің арнайы алғыс хаты және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бізбен тілдескен марафонға қатысушы Света Қадырбаева марафон жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады.
«Өзім аумақтық орталықта қызмет атқарамын. Негізгі міндетім мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс болып табылады. Жалпы марафон ауданымызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бала кезден спортқа жақын болдым. Үнемі спортпен шұғылдандым. Бұл алдымен өзімнің денсаулығым үшін керек. Бүгінгі күнге дейін талай аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Ал бүгінгі марафон жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жылдағы әдетімнен озбай биылда марафонға қатысып, жүлделі орынға ие болдым»,- дейді марафоншы.
Шара соңында қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан желаяқтар аудан әкімінің алғыс хаты мен медальдарға, сондай-ақ қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Ботакөз Асхатқызы