1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен "Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы" декларация қабылданған болатын.
Осы сәттен бастап Қазақстанның тәуелсіз мемлекетке айналуының алғышарттары басталды. Біртіндеп елдің жекелеген аумағы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Аптаның сейсенбісінде ұлттық мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстаным!» атты мерекелік шара өтті. Алдымен жүргізушілер мерекенің маңызы туралы тоқталып өткеннен кейін мемлекеттік гимн шырқалып, алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Ринат Хисаұлына жолданды.
«Баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке егемен ел болып қалыптасумыздың белгісіне айналған тарихи күн. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуында аудан тұрғындарының өзіндік үлесі бар. Бүгінде әр салада жаңашыл бастамалар, игілікті істер өз жалғасын табуда. Сіздерге мереке қарсаңында мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгі болсын», - деді аудан әкімі.
Келесі кезекте ол мереке қарсаңында бірқатар қызметкерлердің еңбегін елеп, марапат ұсынды. Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жарлығымен «Қайырымдылық үшін» төсбелгісімен Әнуар Жеңісұлы марапатталса, басқалары аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Атап айтсақ, олардың қатарында Мақат газ шаруашылығының жүргізушісі Масат Қалдыбаев, мемлекеттік кірістер басқармасының бақылау бөлімінің басшысы Әсел Ликарова, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің есепшісі Гүлназ Сарбалиева, Мақат желілік өндірістік басқармасының монтері Мұрат Бақтыбаев, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің полиция инспекторы Тойқожа Азбергенов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Гүлжан Мырзағалиева, аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспектор маманы Гүлжан Есенғалиева және ПЧ-9 мекемесінің жол жөндеушісі Әділбек Артықбаев болды.
Концерттік бағдарлама Сая Жұмашева жетекшілік ететін аудандық халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Айтқали Жайымовтың «Тарих толқынында», Кенжебек Күмісбектің «Биші қайың», Құрманғазы Сағырбаевтың «Сарыарақа» күйлерін орындауымен және оркестрдің сүйемелдеуімен Жасұлан Сисембаевтің «Өз елім» әнін шырқауымен басталды.
Әрі қарай жиналған жұртшылық үшін Амандық Нұртас «Алатау», ал Гүлнәр Ишанғалиева «Әке-ана» әндерін шырқаса, «Шаттық» кіші би тобы «Құстар» биімен көптің көңілінен шықты. Азамат Елубаев және Жасұлан Сисембаев «Атамекен» әнімен мерекелік шараның әдемі нүктесін қойды.
А.Есжан