Өткен аптаның бейсенбісінде жастар ресурстық орталығының ғимаратында аудан әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық келісім кеңесі мен аналар кеңесінің бірлескен отырысы өтті.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 қаңтардағы үндеуін талқылау, кент, округтегі аналар кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесінің 2021 жылы атқарылған жұмыстарының есебін тыңдау және олардың 2022 жылға арналған жұмыс жоспарымен танысу мәселелері көтерілді.
Отырысқа төрағалық еткен Шаяхмет Ишанғалиев: «Ауданымызда жалпы саны 460-тан аса өзге ұлт өкілдері тұрады. Олардың арасында этностық құрамның бөлінісі байқалмайды. Өзге ұлт өкілдерімен проблемалық мәселелер, этносаралық шиеленіс, кемсіту, қақтығыс фактілері орын алған жоқ», - дей келе, өткен жылғы бірқатар шараларға тоқталып, қоғамдық келісімнің алдағы уақыттағы жоспары аудан әкімі Шәкір Кейкинмен бекітілгенін айтып өтті. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов қаңтар оқиғасы туралы нақты деректер келтіріп, ел басшысының ұстанған саясатына ардагерлер атынан қолдау көрсететіндігін мәлім етті.
«Бұл трагедия бүкіл елді дүр сілкіндірді. Барша Қазақстан халқы қаза тапқандарды аза тұтуда, болған жағдайды өз қасіретіндей сезінуде, ал біздің әрқайсымыз үшін тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шын қадірін тағы да танытты, ортақ үйімізге келген қайғыны бірге көтерудеміз.
Біз ауданның ардагерлер қауымы осы трагедияда елдің тыныштығы мен болашағы үшін жанын пида етіп қаза болғандардың аруағы алдында ұмытпайтын көңілмен бас иеміз», - деді ол.
Келесі болып сөз алған аналар кеңесінің төрайымы Күлпәш Алишева «2021 жылғы жұмыс жоспарына отбасы құндылықтарын сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша аудандық білім бөлімі, ішкі істер бөлімі мамандарының қатысуымен өткен кездесулерде жалпы саны 350 оқушы қамтылғанына және барлығы 12 іс-шара ұйымдастырылғанына» тоқталды.
Сонымен қатар отырыс барысында тәлім-тәрбие жұмыстары, ана мен баланың қоғамдағы рөлі, жат ағымның жетегінде кетпеудің алдын алу шаралары және әлеуметтік желілердегі белсенділікке қатысты нақты ұсыныстар айтылды.
А . Есжан