Бүгін ауданның 100 жылдық мерейтойы бәйге алаңында жалғасын тапты.
Мақат ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және “Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В” демеушілігімен өткен спорттық шараға еліміздің түпкір-түпкірінен қонақтар жиналды.
Бәйгенің ашылу салтанатында аудан әкімі Азамат Мәмбетов тұрғындарды осынау мерейтоймен құттықтап, бүгінгі ұлттық спорт жарысына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мерекелік іс-шара алдымен тай жарысынан бастау алды. Одан әрі, құнан жарыс және аламан бәйгесі өтті.
Нәтижесінде тай жарыстан І орынды “Самұрық” атты тұлпармен келген маңғыстаулық Майлыбаевтар әулеті, ІІ орынды “Патшайым” атты жүйрігімен ақтөбелік Жананбай Арайбек, ІІІ орынды ақтөбелік “Ханторы” жүйрігінің иесі Сағынтай Әзілхан иеленді.
Ал, құнан жарыстан “Бұйрық” тұлпарымен маңғыстаулық Жұмамұратов Аман жеңіп алса, ІІ орынды Ақтөбе облысынан келген Байжарқынов Бекбол “Томирис” атымен, ІІІ орынды Сағыз ауылынан келген Байтанов Берішбай “Ракета” жүйрігімен еншіледі.
Аламан бәйге нәтижесінде І орынды “Бақторы” атымен қарағандылық Мақсотұлы Жандос, ІІ орынды “Флот” жүйрігімен ақтөбелік Байжарқынов Бекбол, ІІІ орынды “Қымбат” атты тұлпармен жылыойлық Балжігітов Сейтжан иеленді.
Жеңімпаздарға аламан бәйгеге бас жүлде - автокөлік табысталып, екінші орынға мотоцикл және үшінші орын иегеріне үй кинотеатры табысталды.
Сонымен қатар, құнан және тай жарысынан бірінші және екінші орынға мотоцикл, үшінші орынға теледидар берілді.
Одан бөлек, әр облыстан жиналған палуандар бозкілемнің үстінде белдесіп, тартысты ойын көрсетті.
Қазақ күресі нәтижесінде 1 орынды маңғыстаулық Жарылғапов Нұрдаулет, 2 орынды мақаттық Сапарғалиев Әділет, 3 орынды қызылқоғалық Закаряев Сұңғат еншіледі.
Сондай-ақ, қазақ күресінен бірінші орын иегеріне мотоцикл, екінші және үшінші орында теледидар табысталды.
Сонымен қатар, шара барысында қой көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындар болды.
Осылайша ауданның 100 жылдық мерейтойына ұйымдастырылыған спорттық шаралар мақаттықтар мен мәртебелі меймандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.