Ауданда 9 жасар бала мектеп табалдырығын аттамаған

(0 Votes)

Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Мақат ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Отырысқа Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев төрағалық етіп, комиссияның 7 мүшесі және аудандық прокурордың орынбасары Арман Айтқалиев қатысты.

Күн тәртібінде қаралған істің мән-жайы бойынша: заңды некедегі азамат Р.Д. мен азаматша Б.С-ның 4 балалары бар. Үйленген тұңғыштары бөлек тұрады. Қолдарындағы 3 баланың екеуі кәмелетке толмаған. Екеуі де Қызылқоға ауданының тумалары. Доссор кентіне 2019 жылы көшіп келгендірмен азамтшаның өзі 2021 жылдың 10 қаңтарында тіркеуге отырған. Р.Б-ның жеке басын анықтайтын жеке куәлігі жоқ. Туу туралы куәлігі мен әскери билеті ғана бар.

Арызды түсірген Б.С-ның апасы, сіңлісі үйінен бірнеше күн жоқ боп кеткеннен кейін балалар үшін алаңдаған. Бұл жағдай туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға инспекторы Құралай Есенова баяндама жасады.

Сұмдығы 2012 және 2014 жылы туған балалары мүлдем мектеп табалдырығын аттамаған. Одан қалса 2012 жылы туған Н.У-дың туу туралы куәлігі мүлдем алынбаған. Перзентханадан берілетін анықтамамен ғана жүр. Оған аудан орталығынан алыс ауылда тұрғандары себеп болса керек. 2019 жылдан бері Доссор кентіндегі туыстары мен үлкен ұлын жағалап Доссор кентінен пәтер жалдап жүрген. Күйеуі маусымдық жұмыста, әйелі кіші қызметкер болып жасайды. Осы орайда көрші аудандағы құзырлы органдар қайда қарағандығы сұрақ тудыртады. Қанша сайлау, қанша санақ өтсе де құжаттары жоқ ересек адам мен мектепке бармаған балаларды ешкім анықтамаған. Біздің ауданымызда да тіркеуде жоқ тұрғындар баршылық екендігі соңғы санақтан соң белгілі болған.

Комиссия шешімімен Мақат аудандық полиция бөліміне Р.Д-ның құжаттарын жасақтау үшін Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің көші-қон тобынан карточкасын сұратып, өмірбаянын зерделеп, қорытынды әзірлеу, Б.С кәмелетке толмаған балаларын мектепке бермегені үшін профилактикалық есепке қою және ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабының 1 бөлігімен жауапкершілікке тарту үшін сотқа материал жолдау, отбасын «Қолайсыз отбасы» санаты бойынша профилактикалық есепке қою тапсырылды.

Ал Мақат аудандық білім беру бөлімі 2012 жылы жылы туған баланың туу туралы куәлігін жасақтауға ықпал ететін және 2012 мен 2014 жылы туған балалардың білім деңгейін анықтап, оларды мектепке орналастыру шараларын қабылдайтын болды.

Үлкендер қателеседі, өздерінің мойнындағы жауапкершілікті сезінбейді. Бастысы зардабын балалар тартпаса екен.

                                                                                                                                А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT