Аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен жастар ресурстық орталығында 14 наурыз көрісу мерекесі аталып өтті. Онда мәдениет майталманы Дәулеткерей Мәулекеновтың дирижерлігімен Р.Ғабдиев атындағы және Мақат балалар өнер мектептерінің 60-қа жуық оқушысы бір сәтте қосылып, қазақ күйлерін нақышына келтіріп орындады. Алдымен ұлттық нақыштағы киімді киіп, қолына қоңыр домбыраны ұстаған домбырашылар Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Бұл шараға білім бөлімінің мамандары мен өнер мектебінің ұстаздары да қатысты.
Шара барысында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев құттықтау сөз сөйлеп, амал мерекесінің ерекшелігін айтып өтті.
«Амал қыстан шыққан елдің бір-бірмен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырып, елдің тыныштығы мен бірлігін көрсететін мерекесі. Бүгін адамдар арасындағы өкпе-реніштер кешіріліп, бір-біріне игі тілек айтылатын күн. Баршаңызды келіп жеткен амал көрісу мерекесімен құттықтаймын! Амалда айтылар көл-көсір көптің тілектері қабыл болсын!», - деді бөлім басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, Мақат балалар өнер мектебінің директоры Дәулеткерей Мәулекенов пен Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебінің директоры Мағзом Иманғалиев те ізгі тілектерін білдірді.
Осылайша, музыкалық мәдениетіміздің басты символы болып саналатын домбырамен өнерлі оқушылар ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау арқылы рухани жаңғыруды мақсат етіп, мереке қарсаңында көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі